UEFA Чемпиондар лигасы екінші турының қорытындысын шығарды.
Ресми аккаунт жариялаған эпизодта Ш.Қалмырзаның мадридтік "Реал" шабуылшысы Килиан Мбаппенің соққысын тоқтатқан сәті бейнеленген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Үздік сейвтер қатарына Угурджан Чакыр ("Галатасарай" – "Ливерпуль"), Роберт Санчес ("Челси" – "Бенфика") және Витезслав Ярош ("Марсель" – "Аякс") енген. Осы тізімді қазақстандық қақпашы, "Қайрат" футбол клубының ойыншысы Шерхан Қалмырза толықтырған.
Айта кетейік, Шерхан Қалмырза – клубтың үшінші қақпашысы. Ол негізгі қақпашылар – Александр Заруцкий және Темірлан Анарбеков жарақат алған соң, ойынға шықты.
Бұған дейін "Спортингке" қарсы ойында 18 жастағы қақпашы 11 метрлік айып добын қайтарып, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас қақпашы тізіміне кірген еді.
Тағы бір жаңалық, "Реал Мадрид" қақпашысы Тибо Куртуаның өзі әлеуметтік желі парақшасында Шерхан Қалмұрзаға сәттілік тіледі.
Ол "Ең бастысы, еңбектене бер! Сәттілік тілеймін!" деп пікір қалдырған. "Реал Мадрид" қақпашысы Тибо Куртуа Шерхан Қалмырзамен бірге түскен суретін де жариялаған. Бұған дейін қос қақпашы ойыннан соң жейдесін алмасқан еді.