$ 540.84  634.46  6.43

Екі ұлымның да чемпион боларына сендім – Махмұд және Төрехан Сабырханның анасы

Чемпиондардың анасы ұлдарының жекпе-жегін ұзақ қарай алмайтынын жеткізді.

Фото: видеодан алынған скрин/Jibek joly
Фото: видеодан алынған скрин/Jibek joly

Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing әлем чемпионатында ағайынды Махмұд (55 келі) және Төрехан Сабырхан (70 келі) топ жарып, ел қоржынына екі алтын медаль салды. Қос бірдей чемпионның анасы Меңтай Әсілова «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, ақтық сындағы әсері мен толқыған көңілі туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап. 

Ең алдымен М.Әсілова балаларын қолдаған халыққа алғыс айтты.

– Балаларамыздың жетістігіне қуанамыз. Бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекшіміз. Осы жарысқа кеткенде екі баламның да чемпион болып келеріне сендім. Махмұд бірнеше жыл жарыстарға қатысып келеді. Ал Төрехан алғаш рет ересектер санатына ауысып, бірінші жекпе-жегіне қатысты. Оның қарсыластары да әлдеқайда үлкен, анағұрлым тәжірибелі. Телефонмен сөйлескенде «Махмұд саған сенеміз, мына Татошқа да (Төрехан – ред.) ағалық ақылыңды айтып, рингке қалай шығуды айтып отыр» дедік, – дейді Меңтай Әсілова.

Чемпиондардың анасы ұлдарының жекпе-жегін ұзақ қарай алмайтынын жеткізді.

– Кешегі финалға отбасымызбен, туыстарымызбен жиналдық. Бірақ тікелей қарауға жүрегім дауаламайды, екінші бөлмеде үй ішімнің даусынан-ақ біліп отырамын. Бөлек бөлмеде ұлдарымның тілеуін тілеп отырамын. Ал қазір қос бірдей ұлым чемпион атанған соң әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, мұның бәрі жүректе сақталатын сәттер. Барлық анаға осындай қуанышты сезім тілеймін, – дейді М.Әсілова.

Әлеуметтік желіде Төреханды иығына салып көтеріп жүрген Махмұдтың әсерлі видеосы тараған еді. Олар отбасында бес ағайынды, бесеуі де бір-біріне қамқор әрі бауырмал болып өскен.

– Біздің бір қыз, төрт ұлымыз бар. Бәрі де бір-біріне жанашыр, мейірімді болып өсті. Әлі күнге дейін бір-бірін қолдап жүреді. Отбасымызда алған үлгілері лайым осылай жалғасқанын қалаймын. Енді ұлдарымның 2028 жылы Олимпиада чемпиондары болуын тілеймін, – деді мерейлі ана.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 44
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары