Boxingscene.com және RingTV секілді БАҚ-та қызмет ететін америкалық журналист Франсиско А. Саласар қазіргі кезде көптеген боксшылар рингте кездесудің орнына бір-бірімен әлеуметтік желілерде айтысып жүргеніне өзінің теріс көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол мұндай «жағымсыз мысалдардың» бірі ретінде орта салмақтағы әлем чемпиондары Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Адамес арасындағы желідегі пікір-талас екенін айтты.
«Әлеуметтік желідегі қақтығыстар Шакур Стивенсон мен «Танк» Дэвис арасында басталды, кейін Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Адамес арасында өрбіді. Ал қазір – Ксандер Зайас пен Вёрджил Ортис.Боксшылар бір-бірімен рингте емес, әлеуметтік желіде айқасқанда бұл жанкүйерлерді жиіркендіріп, спортқа зиянын тигізеді» –деп жазды Саласар өзінің Х желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) 5-раундта нокаутпен жеңген болатын. Сонымен қатар бұл салмақ дәрежесінде кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) да чемпион.
Әлімханұлы Адамеске жекпе-жек өткізу үшін келісімшарт жіберілгенін, алайда доминикандық боксшы ұсынысты қабылдамағанын айтқан.