"Менің жанымда сенім, тілек, дұға тұрды".
Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі туралы желідегі парақшасында жазба жариялап, жеңісін кімге арнайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Ассалаумағалейкум, ағайын! Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді сәтті бастадым. Аллаға сансыз шүкір, бүгінгі кеш – менің алғашқы жеңісіммен аяқталды.
Бұл – тек менің емес, мені әр сәтте қолдаған, дайындаған бапкерлерімнің, туған ағамның, командамның ортақ жеңісі!
Осы жолда біргеміз, бірге тер төктік, бірге намысымызды қорғадық. Бүгін рингте жеңіске жету – тек бір күннің емес, айлар бойы төгілген тердің, ауыр жаттығулардың жемісі.
Мен жалғыз бокстасқан жоқпын. Менің жанымда сенім, тілек, дұға тұрды.
Аллаға сансыз шүкір! Жеңіс жалғасын тапсын, бұл – тек бастамасы! Алланың қалауымен, бұдан да биік белестерге бірге жетеміз! Жолымда қолдау білдірген әр жанға – алғысым шексіз!
Бұл жеңіс – маған сенгендердің бәріне арналады", - деп жазды боксшы Instagram желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткенін жазған едік.