$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Шикізат көп, өңдеу аз: Қазақстан мыс өнеркәсібін қалай дамыта алады?

Қазақстан металлургиялық қуаттарын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Қазақстанда өз өнеркәсібін дамыту, шикізаттық модельден біртіндеп бас тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу қажеттігі көптен бері айтылып келеді. Алайда шикізатты сыртқа сатудан терең өңдеуге ауысу әлі де ел экономикасының негізгі міндеттерінің бірі болып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл мәселе жуырда Үкімет отырысында тағы көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен ұзақмерзімді қамтамасыз ету тетіктерін пысықтауды және терең өңдеуге инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Әсіресе бұл мәселе мыс өнеркәсібі үшін өзекті. Қазақстанның шикізат базасы ауқымды болғанымен, қолданыстағы металлургиялық кәсіпорындарды жаңғырту қажет, ал әлемдік мыс өңдеу нарығының өзі күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Тіпті мыс бағасының жоғары болуы да оны өңдеудің міндетті түрде табысты болатынын білдірмейді. 

Қазақстан металлургиялық қуаттарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бірақ мұндай ірі жобаларды іске асыру үшін тек шикізат қоры жеткіліксіз. Ұзақ жылдарға есептелген нақты экономикалық жағдай, инвестиция тартуға мүмкіндік беретін ережелер және өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы теңгерім қажет.

Қазақстан өз металлургиясын қалай сақтап, дамыта алады? Жеке инвестиция тарту үшін қандай жағдай қажет? Кен өндіруші компаниялар мен металлургиялық кәсіпорындардың мүддесін қалай үйлестіруге болады? Бұл сауалдарға экономист Айдархан Құсайынов жауап берді. 

35 жылда кен өндіру төрт еседен астам өсті, ал мыс өндірісі сол деңгейде қалды

Айдархан Құсайынов Қазақстанның мыс саласындағы басты мәселені соңғы 35 жылдағы статистикадан анық көруге болады деп есептейді.

Оның айтуынша, 1990 жылдан бері Қазақстанда мыс кенін өндіру көлемі 38,5 млн тоннадан 163,7 млн тоннаға дейін өсіп, төрт еседен астам артқан. Алайда рафинирленген мыс өндірісі осы кезеңде айтарлықтай өзгермеген.

Әрине, өндірілген кеннің бәрін дайын мыс ретінде қарастыруға болмайды. Кен құрамындағы металдың үлесі, байыту сапасы мен технологиясы маңызды. Бірақ сарапшының пікірінше, негізгі қорытынды өзгермейді: Қазақстан кен өндіру саласында үлкен серпіліс жасады, ал металлургия соған сай қарқынмен дамымады. 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жаңа ірі кен орындарын игеріп, тау-кен кәсіпорындары мен байыту фабрикаларын іске қосты. Бұл салаға миллиардтаған доллар инвестиция тартылды. Нәтижесінде шикізат өндіру көлемі айтарлықтай өсті.

Алайда металлургияда дәл сондай инвестициялық серпіліс болған жоқ. Соның салдарынан Қазақстан әлі күнге дейін өткен ғасырда салынған ірі кәсіпорындарға сүйеніп отыр. Балқаш мыс қорыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істесе, Жезқазғандағы кәсіпорын 1970-жылдары іске қосылған. 

Экономистің айтуынша, кез келген өндірістік жабдық уақыт өте тозады, технология ескіреді, ал экологиялық талаптар керісінше күшейеді. Сондықтан металлургиялық кәсіпорындарға тұрақты түрде инвестиция салып, оларды жаңартып отыру қажет.

Бұл мәселе тек өндіріс көлемі мен кәсіпорынның табыстылығына қатысты емес. Ол жұмысшылардың қауіпсіздігіне, өнеркәсіптік қалалар тұрғындарының денсаулығына және қоршаған орта жағдайына да тікелей әсер етеді.

«Мен мұны ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде де қарастырар едім. Өйткені өз металлургияңның болуы – стратегиялық маңызды өндірістік қуат, білікті кадрлар және өз ресурстарыңды өзің өңдеу мүмкіндігі. Бұл шетелдік кәсіпорындарға толық тәуелді болмауға мүмкіндік береді», – дейді Айдархан Құсайынов.

Сарапшының пікірінше, қазіргі металлургиялық қуаттарды жоғалтып алу оңай, ал кейін оларды қайта қалпына келтіру өте қиын әрі қымбат болуы мүмкін. Сондықтан қажетті инвестицияларды кейінге қалдыра берген сайын модернизация құны да арта түседі. 

Мыс қымбат, бірақ оны балқыту неге тиімсіз болуы мүмкін?

Бүгінде металлургия кәсіпорындарын жаңғыртуды қиындатып отырған тағы бір мәселе – әлемдік мыс өңдеу экономикасының дағдарысы.

Кен өндіруші компаниялар мыс концентратын шығарады, ал металлургиялық зауыттар оны дайын металлға айналдырады. Осы қызмет үшін халықаралық нарықта TC – Treatment Charge, яғни өңдеу ақысы қолданылады.

2026 жылы әлемдік TC көрсеткіші нөлге дейін төмендеп, споттық нарықта тіпті теріс мәнге жеткен. Бірақ бұл металлургиялық зауыттардың шығыны да нөлге түсті дегенді білдірмейді.

Зауыттар бұрынғыдай электр энергиясына, қызметкерлердің еңбекақысына, жөндеуге, экологиялық шараларға және басқа да өндірістік қажеттіліктерге қаражат жұмсайды.

2025 жылы әлем бойынша мыс балқыту кәсіпорындарының тікелей шығындары орта есеппен құрғақ концентраттың бір тоннасына шамамен 124 доллар болған. Қытайда бұл көрсеткіш 58 доллар шамасында болған. Оның өзінде бұл сомаға күрделі инвестициялар кірмейді. 

Металлургиялық зауыттың табысы тек TC тарифінен тұрмайды. Ол алтын, күміс, күкірт қышқылы сияқты ілеспе өнімдерді сатудан да табыс табады. Дегенмен олардың нарықтағы бағасы құбылмалы.

Бүгін мұндай өнімдер кәсіпорынға жақсы кіріс әкелуі мүмкін, ал ертең нарықтағы жағдай өзгеруі ықтимал. Сондықтан миллиардтаған инвестицияны қажет ететін модернизацияны тек ілеспе өнімдерден түсетін кіріске сүйеніп жоспарлау қауіпті.

Осыдан парадокс туындайды: Қазақстан ондаған жыл бойы кен өндіруді ұлғайтуға инвестиция салды, ал енді әлемдегі мыс өңдеу экономикасы күрделенген кезеңде қолданыстағы металлургияны жаңғыртуға мәжбүр. 

Әлемде мысқа сұраныс өсіп жатыр, бірақ зауыттар жабылуда

Айдархан Құсайынов мұндай мәселе тек Қазақстанға тән емес екенін айтады.

Мысқа жаһандық сұраныс жоғары болғанымен, бұл оны өңдеу міндетті түрде пайда әкеледі деген сөз емес.

Мысалы, 1980-жылдары АҚШ-та шамамен 15 мыс балқыту зауыты жұмыс істеген. Қазір олардың екеуі ғана қалған. Чилиде де кейбір кәсіпорындар жабылды. Ал Филиппиндегі PASAR зауыты 2025 жылғы ақпанда жұмысын уақытша тоқтатты.

Оған өндірістік шығындардың қымбат болуы, ескі технологиялар, экологиялық талаптардың күшеюі және зауыттардың толық қуатта жүктелмеуі сияқты факторлар әсер еткен.

«Жоғары сұраныс өздігінен мыс балқыту зауытының тұрақты экономикасын қамтамасыз етпейді», – дейді сарапшы.

Қытайда жағдай өзгеше. Соңғы жиырма жылда ел әлемдегі ең ірі мыс өңдеу орталығына айналды. Халықаралық энергетикалық агенттік мәліметінше, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту көлемінің өсімінің 90%-дан астамы Қытайға тиесілі болған.

Бірақ Қытай кәсіпорындарының жағдайы да басқа: өндіріс ауқымы өте үлкен, технологиясы заманауи, инфрақұрылымы дамыған, өндірістік шығындары төмен. Бұл оларға бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. 

Экономист Қазақстанға осы халықаралық тәжірибеден сабақ алу қажет деп санайды. Елде мыс кен орны мен металлургиялық зауыттардың болуы олардың мәңгілік жұмыс істейтініне кепілдік бермейді.

Металлургияны бір рет салып қою жеткіліксіз. Оны тұрақты дамытып, жаңғыртып, бәсекеге қабілетті жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет. Әйтпесе ондаған жылдық тарихы бар кәсіпорындардың өзі жабылу қаупіне тап болуы мүмкін. 

Шикізатты сыртқа шығаруға тыйым салу мәселені шеше ме?

Әлем елдері бұл мәселеге әртүрлі тәсілмен жауап беріп отыр.

Мысалы, Индонезия ішкі өңдеуді дамыту үшін мыс концентраты экспортына шектеу қойып келеді. Конго Демократиялық Республикасы 2026 жылы мыс пен кобальт концентраттарын экспорттауға қатысты тыйымын жаңартқан, бірақ жекелеген ерекшеліктер қалдырылған.

Ал Австралия керісінше, қолданыстағы өндірістерді тікелей қолдау жолын таңдады. Ел Mount Isa мыс балқыту зауыты мен Townsville рафинирлеу кәсіпорнына үш жыл ішінде шамамен 395 млн доллар көлемінде көмек пакетін жариялады.

Қытайда мақсат басқа. Ел мыс балқыту қуаттарын одан әрі шектен тыс ұлғайтпай, олардың шикізат базасын күшейтуге тырысып жатыр. Ол үшін геологиялық барлауды, ішкі кен өндіруді және шетелдік концентрат жеткізушілермен ұзақмерзімді келісімдерді дамытады. Яғни басты назар зауыт санын көбейтуге емес, өндіру мен өңдеу арасындағы теңгерімді сақтауға аударылған. 

Айдархан Құсайынов Қазақстан үшін де кен өндірушілер мен өңдеушілердің мүдделері арасында өз теңгерімін табу маңызды деп есептейді.

2025 жылы Қазақстан шетелге 1,4 млн тоннадан астам мыс кені мен концентратын экспорттап, одан 2,8 млрд доллар табыс тапты. Алайда қазір елдегі металлургиялық қуат барлық өндірілетін шикізатты толық өңдеуге жеткіліксіз.

Қазақстанда шикізатты ішкі нарықта басымдықпен өңдеуге бағытталған белгілі бір тетіктер бар. Мысалы, құрамында бағалы металдар бар шикізатты экспорттаған кезде алдымен отандық өңдеушілерге ұсыныс жасау тәртібі қарастырылған.

Бірақ сарапшының айтуынша, мыс концентраты экспортына ертең толық тыйым салған күннің өзінде жаңа металлургиялық қуат өздігінен пайда болмайды. Ол үшін инвестиция қажет. 

Балқаштағы жаңа зауыт қосылған құнды ел ішінде қалдыруға мүмкіндік береді

Қазақстан бұл бағытта белгілі бір қадамдар жасап жатыр. Соның бірі – Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін жаңа мыс қорыту зауытын салу жобасы.

Экономистің айтуынша, мұндай өндірістің маңызы тек қосымша мыс шығарумен шектелмейді.

Заманауи металлургиялық кәсіпорын мыс концентратынан бағалы металдарды бөліп алуға, күкірт қышқылын және басқа да ілеспе өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Яғни шикізатты ел ішінде терең өңдеу арқылы қосылған құнның көбірек бөлігін Қазақстанда қалдыруға болады.

Алайда мұндай ауқымды инвестициялар тек мемлекеттің өңдеуді дамыту туралы шешімімен жүзеге аспайды. Инвестор кәсіпорынның қандай жағдайда жұмыс істейтінін, өңдеу құны қалай қалыптасатынын және салынған қаржының қалай қайтарылатынын алдын ала түсінуі керек.

Сондықтан Айдархан Құсайынов шикізат экспортын жай ғана шектеуден гөрі Қазақстанда отандық өңдеуді дамытуға қолайлы экономикалық жағдай қалыптастыру маңызды деп санайды.

Нарықтағы баға зауытты жаңғыртуға мүмкіндік бермесе не болады?

Теория жүзінде кен өндіруші және металлургиялық кәсіпорындар концентрат өңдеу бағасын өзара келісе алады.

Бірақ бүгін келісілген баға зауыттың ұзақмерзімді тұрақты жұмысын және жаңғыртуға инвестиция салуын қамтамасыз етеді деген кепілдік жоқ.

2026 жылы әлемдік TC көрсеткішінің нөлге дейін төмендеуі – нарықтық конъюнктураның нәтижесі. Бірақ металлургиялық кәсіпорындардың нақты шығындары нөлге айналған жоқ.

Осы жерде негізгі қайшылық туындайды: Қазақстан отандық өңдеуді дамытқысы келеді, қазіргі кәсіпорындарды модернизациялауды және жаңа өндірістерге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Алайда өңдеу құны тек бүгінгі әлемдік нарық жағдайына тәуелді болса, ұзақмерзімді инвестиция қайдан келеді? 

«Тарифті көтеру емес, инвестицияға жағдай жасау керек»

Айдархан Құсаинов осы тұрғыдан бүгінде талқыланып жатқан мыс концентратын өңдеу тарифін анықтау әдістемесін қолдайтынын айтты.

Оның пікірінше, министрлік ұсынып отырған тәсіл металлургиялық зауыттардың шығынын бюджет есебінен өтеуге емес, экономикалық негізделген тариф қалыптастыруға бағытталған.

Мұндай тариф өндірістік шығындарды, нормативтік табыстылықты және инвестициялық қажеттіліктерді ескеруі тиіс.

Бұл жерде маңызды мәселе – әңгіме өңдеу бағасын жай ғана көтеру туралы емес.

Әдістеме нақты инвестициялық жобаларды тарифке қосуға мүмкіндік береді.

«Модернизация шығынын тарифке қосуды қалайсың ба? Онда шығынды негізде, жобаны ұсын және оның қандай нәтиже беретінін көрсет», – деп түсіндірді экономист.

Оның пікірінше, реттеудің логикасы дәл осындай болуы керек: зауыттарға жай ғана қосымша табыс кепілдендіру емес, өндірісті дамытуға экономикалық жағдай жасау.

Сарапшы бұл әдістемені ең алдымен инвестициялық құрал ретінде қарастырады.

«Біз қолданыстағы металлургиялық қуаттарды жай ғана сақтап қалмай, оларды жаңарту мен кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етуіміз керек. Мұны мемлекеттік бюджеттен тұрақты қолдау арқылы емес, жеке инвестиция есебінен жасау қажет», – дейді ол. 

Мыс экспорты ма, әлде болашақ ұрпаққа арналған өнеркәсіп пе?

Айдархан Құсайынов Қазақстанда металлургияны дамытудың әсері тек мыс өндіру көлемін арттырумен шектелмейтінін атап өтеді.

Металлургиялық зауыт тұтас өнеркәсіптік тізбектің орталығына айналады.

Бір жағынан, ол шикізатқа тұрақты сұраныс қалыптастырып, кен өндіру, геологиялық барлау және байыту салаларын ынталандырады. Екінші жағынан, келесі өндірістік сатылардағы кәсіпорындарды металмен қамтамасыз етеді.

Олардың қатарына катанка, кабель, сым, фольга, электротехникалық және басқа да өнімдерді шығару жатады.

Қазір Қазақстанда мұндай жоғары деңгейде өңделген өндірістердің үлесі шамамен 5% ғана. Ал дәл осы бағыттарда өнеркәсіпті кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік бар. 

Бір зауыттың айналасында тұтас экономика қалыптасады

Металлургияны дамытудың мультипликативті әсері мұнымен тоқтамайды.

Ірі металлургиялық кәсіпорындардың айналасында көлік, энергетика, машина жасау, жөндеу және сервистік компаниялар дамиды. Инженерлерге, технологтарға және басқа да білікті кадрларға сұраныс артады. Білім беру ұйымдары, қалалық инфрақұрылым және өндірістік елді мекендердің өзі дами бастайды.

Айдархан Құсаинов Балқаш мыс қорыту зауытын мысалға келтіреді. Ол 1938 жылдан бері, яғни тоқсан жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. Осы аралықта зауытта бірнеше буын еңбек етті, ал кәсіпорын тұтас қаланың экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналды.

Сондықтан жаңа металлургиялық қуаттардың құрылысын немесе қазіргі кәсіпорындардың жаңғыртылуын тек инвестицияның қанша жылда өтелетінімен өлшеу жеткіліксіз.

Олардың экономикалық әсері зауыттың өз шекарасынан әлдеқайда асып түседі.

Бұл – жаңа жұмыс орындары, бюджетке түсетін салық, сабақтас салалардың дамуы және ел ішінде өнеркәсіптік құзыреттердің сақталуы.

Сонымен қатар өз металлургиясының болуы Қазақстанның халықаралық өндірістік ынтымақтастықтағы мүмкіндігін кеңейтеді. Бір мәселе – шетелдік серіктестерге тек концентрат ұсыну. Ал мүлде басқа мүмкіндік – олармен бірге металл немесе терең өңделген өнім өндірісін дамыту.

«Мен жетістікті тек өндірілген мыс көлемімен емес, металлургияның айналасында қанша жаңа өндіріс, жұмыс орны және технологиялық құзырет пайда болатынымен бағалар едім», – деді Айдархан Құсайынов.

Оның пікірінше, металлургияға салынған инвестиция бір экономикалық циклге ғана есептелмейді.

«Металлургияға салынған инвестиция – бірнеше ұрпаққа арналған инвестиция», – деп түйіндеді экономист. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0