15.05.2026, 15:10

Парламент Астананың ерекше мәртебесі туралы заң жобасын мақұлдады

Фото: Pixabay

Белгілі болғандай, елордада көлік инфрақұрылымын басқару, жол жүрісін ұйымдастыру және қаланың автотұрақ кеңістігін реттеу функциялары Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылмақ.

Парламент "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

"Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру. Заң жобасымен мәслихат пен астана әкімдігінің өкілеттіктері нақтыланып, жүйеленеді. Атап айтқанда, астана мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншікті басқару және т.б. негізгі құзыреттер беріледі. Мәслихат пен әкімдіктің құзыреттері жоғарыда аталған түзетулермен ғана шектелмейді, өзге де салалық заңдарда көзделген құзыреттері сақталады", – деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Бұл ретте, қала маңы аймағының көлемі мен шекарасы және оны пайдалану тәртібі, қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен ұсыныстары бойынша Үкіметпен белгіленеді. Сонымен қатар астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, арнаулы трассаларды және автомобиль жолдарын санитариялық тазарту, туризмді дамыту, сондай-ақ жер мәселелерін реттеу бойынша тиісті ұйымдардың құқықтық мәртебесі айқындалады.

Белгілі болғандай, елордада көлік инфрақұрылымын басқару, жол жүрісін ұйымдастыру және қаланың автотұрақ кеңістігін реттеу функциялары Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылмақ.

"Астананың орманды саябақ аймағы – қала аумағы шегіндегі қорғау, сауықтыру және рекреациялық функцияларға арналған жерлері. Оның шекараларын белгілеу және өзгерту Астана әкімдігінің ұсынуы бойынша Үкіметпен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ аймақтың экологиялық жағдайына теріс әсер ететін кез келген қызметті жүзеге асыруға тыйым салу көзделеді", – деп атап өтті ведомство өкілі.

Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр. Дизайн-код талаптары ғимараттарға, жол желісіне, жарнама мен сыртқы безендіру элементтеріне қолданылады. Құрылыс, реконструкциялау және абаттандыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Бауыржан Омарбековтің сөзінше, бұл мәселелерді үйлестіру мақсатында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарланып отыр.