Қазір арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілгені хабарланды.
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы білім басқармасына қарасты көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің студенттері жатақхана әкімшілігі тарапынан қысым көрсетілгенін айтқан видеожазба тарауда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Студенттердің айтуынша, оларды ерлер бөлмелері мен әжетхананы тазалауға, еден жууға мәжбүрлейді. Қыздардың сөзіне қарағанда, егер олар бұл жұмыстан бас тартса, оларды жатақханадан шығарып жібереміз және душты өшіріп тастаймыз деп қорқытады екен.
Жарияланған кадрларда студенттер мен жатақхана қызметкерлері арасындағы жанжал бейнеленген. Қыздар ерлер бөлмесінде тәртіп орнатуға міндетті емес екендіктерін айтып, тазалық жұмыстарын орындаудан бас тартуда.
Түркістан облысының білім басқармасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Онда бұл оқиға бақылауға алынғаны, арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілгені хабарланды.
Ведомство мәліметінше, колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылғы 23–25 ақпан аралығында өтетін облыстық спартакиадаға байланысты іс-шара қатысушыларын жатақханаға уақытша орналастыру қажеттілігі туындаған. Осыған орай, тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге бос бөлмелерді жинауға көмектесу туралы ауызша өтініш білдірген. Сол сәтте ер балалар орнында болмағандықтан, бұл өтініш студент қыздарға айтылған.
Нәтижесінде, басқарма атап өткендей, жекелеген білім алушылар арасында түсініспеушілік туындаған.
Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтарын, заңды мүдделерін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басты назар аударады. Ішкі бақылауды күшейту және алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылданды, - делінген Түркістан облысы білім басқармасының мәлімдемесінде.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданатын болады.