Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысының сөзіндегі негізгі ойлар:
Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі.
Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізілген келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенін растады.
Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жарты миллиард долларға жуықтады.
Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл.
Ынтымақтастықтың перспективті салалары:
Көлік және логистика
Президент фин бизнес-қоғамдастығына Қазақстанның көлік-логистика саласындағы басымдықтары, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы жөнінде мәлімет берді.
Мемлекет басшысы аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалады.
Қазақстан тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылады.
Энергетика
Атом қуаты еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) арасындағы серіктестікті құптады.
Қазақстан көмір энергетикасы саласында таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады.
Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты.
Аса маңызды минералдар
Қазақстанда пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Олардың көбі әлі игерілмеген. Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді.
Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз.
Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр.
Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол.