$ 533.87  621.64  6.64

Президент жолдауы: Экономикалық әртараптандыру, цифрландыру және баға тұрақтылығы негізгі басымдық болмақ

Саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың айтуынша, президент жолдауының тұрақты арқауы – экономика.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президенттің соңғы екі жылдағы жолдауларына көз жүгіртсек, негізгі басымдықтар айқын байқалады. Елдің даму бағыты ең алдымен экономикалық әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуда. Былтырғы жолдау салық жүйесін жетілдіру, бюджет шығыстарын оңтайландыру, инвестиция тарту сияқты маңызды мәселелерге арналды. Ал биылғы жолдау осы бағытты жалғастырып, жаңа міндеттерді қамтуы тиіс, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың айтуынша, президент жолдауының тұрақты арқауы – экономика:

«Қазіргі таңда ең басты жолдаудың бағыты – экономикалық әртараптандыру және экономикалық жандандыру. Былтырғы жолдаудың негізгі бөлігі салық жүйесін жетілдіру мен бюджет саласын оңтайландыруға арналды. Инвестиция тарту, ақша-несие бағыты да басты назарда болды», – дейді ол.

Экономикалық әртараптандыру – стратегиялық басымдық

Қазақстан үшін шикізатқа тәуелділікті азайтып, жаңа өндіріс пен технологияға негізделген экономика құру – ұзақ мерзімді мақсат. Бұл бағытта нақты қадамдар былтырдан бері қолға алынған.

«Әрине, жолдауларда ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат та айтылады. Өйткені әлемдік геоэкономикалық жағдай Қазақстанды да айналып өтпейді. Бірақ биылғы жолдаудың басты бағыты – экономиканың жалғасы болу керек», – дейді сарапшы.

Цифрландыру мен жасанды интеллект

Технологиялық серпіліссіз жаңа экономикалық деңгейге шығу мүмкін емес. Әлем елдері жасанды интеллект пен цифрландыруды кеңінен енгізіп жатыр. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс.

Қазбек Майгельдинов бұл туралы былай дейді:

«Әсіресе инфрақұрылымдық жобалар мен цифрландыруға баса назар аударылады. Өйткені жасанды интеллект мәселесі, өндірісті роботтандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан өнеркәсіпті дамытуда цифрлық бағыттар басым болады».

Экология және атом электр станциясы

Қоғамдық пікірдің ең қызу тақырыбы – экология. Соңғы жылдары атом электр станциясы төңірегінде өткір талқылаулар жүрді. Бұл мәселе биылғы жолдауда да көтерілуі мүмкін.

Саясаттанушының пікірінше:

«Былтырғы және биылғы қоғамдық пікірдің басты тақырыптарының бірі – атом электр станциясын салу. Оның экологияға әсері туралы талқылау күн тәртібінен түспей тұр. Сондықтан экологиялық мәселелерге де баса назар аударылуы керек. Өйткені климаттың өзгеруі – тек Қазақстанның емес, әлемдік проблема», – дейді Майгельдинов.

Баға тұрақсыздығы – халықтың басты уайымы

Соңғы жылдары ел ішінде қымбатшылық мәселесі өткір көтеріліп келеді. Инфляция халықтың сатып алу қабілетін әлсіретіп, тұрмыс сапасына тікелей әсер етуде.

«Менің ойымша, қазіргі таңда қоғамдағы ең басты мәселе – баға. Президент инфляцияны тұрақтандыруға көңіл бөліп келеді. Бірақ биылғы жолдауда бағаны тұрақтандыру мәселесі ерекше аталады. Өйткені халықтың сатып алу мүмкіндігі азайып бара жатыр», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, тұтынушылық несиелендірудің артуы да әлеуметтік проблемаға айналды:

«Әрбір қазақстандықтың тұрмысында сатып алу мүмкіндігі төмендеп кетті. Сондықтан бұл жолдауда Үкімет инфляцияны қалай ауыздықтайтынын нақты көрсету керек. Президент нақты тапсырма беруі тиіс».

Жұмысшы мамандықтар жылы

Президент 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған болатын. Бұл бастама техникалық және кәсіби білімге жаңа серпін бермек.

«Осы жылдың ішінде президент білім беру саласында техникалық мамандықтарды игеру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама алдағы жолдауда да жалғасын табуы тиіс», – дейді Қазбек Майгельдинов.

Биылғы жолдау экономикалық әртараптандыру бағытын жалғастырып қана қоймай, халықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты шешімдерге баса назар аударуы мүмкін. Цифрландыру мен инфрақұрылым, экология мен баға тұрақтылығы – барлығы да әрбір қазақстандықтың тұрмысымен тікелей байланысты.

«Экономикалық әртараптандыру дегеніміз – қарапайым халықтың күнделікті тұрмысына әсер ететін фактор. Бағаның тұрақтануы, сатып алу мүмкіндігі – бәрі осы саясаттың түпкі нәтижесі», – деп түйіндейді Қазбек Майгельдинов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 44
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары