$ 511.92  588.91  6.44

Израильдің Иранға жасаған әуе соққысы туралы әлем көшбасшылары не дейді

НАТО Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін әлем ядролық соғысқа таяп қалды деп санамайды.

Фото: overclockers.ru
Фото: overclockers.ru

Израиль 13 маусымға қараған түні Иранға әуеден соққы жасады. Тегеран, Исфахан аудандарында және Натанзадағы ядрлық нысан маңында көптеген жарылыс тіркелді. Дәл осы жайтқа орай әлем қандай үн қатты? Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио

– Бүгін түнде Израиль Иранға қарсы біржақты шабуыл жасады. Бұл соққыға қатысқанымыз жоқ... Израиль бізді ақпараттандырды және бұл іс-әрекетті өзінің қорғанысы үшін қажетті деп санайды. Президент Трамп және әкімшілік күштерімізді қорғау және өңірдегі серіктестерімізбен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру үшін қажетті барлық іс-шараны қабылдады. Атап өткім келеді, Иран америкалық мүддеге немесе қызметкерлерге шабуыл жасамауы тиіс, - делінген сайтында жарияланған Ақ үй Рубио мәлімдемесінде.

Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер

– Аталған шабуыл жайындағы ақпарат алаңдаушылық тудырады және біз барлық тарапты шегінуге әрі шиеленісті шұғыл төмендетуге шақырамыз. Эксалация өңірдегі ешкімге де абырой әкелмейді. Таяу Шығыстағы тұрақтылық басымдық болуы тиіс және біз серіктестерімізбен жағдайды ушықтармау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта бұрын-соңды болмаған ұстамдылық таныту, сабырлық сақтау және дипломатияға оралу маңызды, - деп мәлімдеді ол Х әлеуметтік желісінде.

Жапония сыртқы істер министрі Такэси Ивая

– Ол Жапония Израильдің Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасап, «жағдайды ушықтырғаны үшін» батыл айыптайтынын мәлімдеді және жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін қажетті дипломатиялық күш-жігер жұмсауға уәде берді, - деп хабарлайды Kyodo News.

Сонымен қатар жапон министрі Вашингтон мен Тегеран арасындағы бейбіт келіссөздер жалғасып жатқанына қарамастан, Израильдің әскери әрекетке барғаны «өте өкінішті» екенін айтып, барлық тарапты «барынша ұстамдылық танытуға» шақырды.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте

НАТО Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін әлем ядролық соғысқа таяп қалды деп санамайды. Бұл туралы НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Стокгольмде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Ол бұл қалаға Бильдерберг клубының кездесуі аясында келген болатын. Бұл туралы ТАСС жазды. 

– Жоқ, жоқ, біз ондай жағдайда емеспіз. НАТО-ға мүше барлық ел деэскалация үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл – Израиль тарапынан жасалған біржақты әрекет. НАТО одақтастары, әсіресе АҚШ, жағдайды бәсеңдетуге көмектесуі керек – мен олардың бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын білемін, - деді Рютте Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін ядролық соғыс қаупі артты ма деген сұраққа жауап бере отырып.

Сондай-ақ Рютте бұл Израиль тарабының біржақты акциясы екенін айтты.

– НАТО-дағы одақтастар, бірінші кезекте АҚШ жағдайды ушықтырмауға көмектесуі тиіс. Менің біуімше, олар солай жасап та жатыр, - деген ол бұл жағдайдың өте жылдам дамып жатқанын және алдағы 24–48 сағат ішінде не болатынын болжау қиын екенін мойындады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш

– Бас хатшы Таяу Шығыстағы кез келген жағдайдың әскери ушығуын айыптайды. Ол Иран мен АҚШ арасында Иранның ядролық бағдарламасының мәртебесі туралы жалғасып жатқан келіссөздер аясында Израильдің Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасауына ерекше алаңдаушылығын білдіреді. Бас хатшы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер БҰҰ Жарғысы мен халықаралық заңдарға сәйкес әрекет етуге міндетті екенін еске салады. Ол екі тарапты да тереңірек қақтығысқа апарып соқтырмау үшін барынша ұстамдылық танытуға шақырады, - делінген БҰҰ сайтындағы мәлімдемеде.

Сауд Арабиясы

– Сауд Арабиясы бауырлас Иран Ислам Республикасына қарсы Израильдің ашық басқыншылығын қатаң айыптайды. Израиль шабуылы – Иранның егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді және халықаралық заңдар мен нормаларды ашық түрде бұзу. Осынау жиіркенішті шабуылдарды айыптай отырып, Корольдік халықаралық қауымдастық пен Қауіпсіздік Кеңесі бұл басқыншылықты дереу тоқтатуда үлкен жауапкершілік арқалайтынын атап өтеді, - деп хабарлайды SPA.

Түркия

– Анкара Израильдің Иран территориясына жасаған әуе шабуылын қатаң айыптайды, - деп хабарлайды Anadolu Түркия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Ведомство Тель-Авивтің әрекеті халықаралық құқықты ашық бұзу және Израильдің аймақты тұрақсыздандыру стратегиялық саясатын жүзеге асыруға қызмет ететін арандатушылық екенін атап өтті.

Түркия Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдардың Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді жандандырумен бір мезгілде жасалғанын атап өтті.

– Бұл Нетаньяху үкіметінің қандай да бір мәселені дипломатиялық жолмен шешкісі келмейтінін және өз мүддесі үшін аймақтық тұрақтылық пен жаһандық бейбітшілікке қауіп төндіруден тартынбайтынын көрсетеді, - делінген хабарламада.

Мәлімдемеде Израиль кең ауқымды қақтығыстарды тудыруы мүмкін басқыншылық әрекеттерін дереу тоқтатуы керектігі айтылған. 

– Біз Таяу Шығыста қантөгіс пен қираудың мұнан ары да тереңдей түскенін көргіміз келмейтінін тағы да мәлімдейміз. Біз халықаралық қауымдастықты соғыстың өршуіне жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырамыз, - деп атап өтті Түркия Сыртқы істер министрлігі.

Қытай

Қытай Израильдің Иранға жасаған соққыларына барынша алаңдаушылық танытады және бұл іс-әрекеттердің ықтимал ауыр зардаптарына қатты алаңдайды. Бұл жайында Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лин Цзянь брифинг барысында мәлім етті, деп жазды Global Times.

– Қытай Иранның егемендігін, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын кез келген бұзуға, сондай-ақ шиеленістің артуына және қақтығыстың кеңеюіне әкелетін қадамдарға қарсы. Аймақтағы жағдайдың жаңадан күрт шиеленісуі екі тараптың да мүдделеріне сәйкес келмейді. Қытай барлық мүдделі тарапты аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға және одан әрі шиеленісті болдырмауға барынша күш салуға шақырады. Қытай жағдайды ушықтырмауда сындарлы рөл атқаруға дайын, - деді ол.

Үндістан

– Біз Иран мен Израиль арасындағы қарым-қатынастағы кейінгі өзгерістерге қатты алаңдаушылық танытамыз. Біз жағдайдың, оның ішінде ядролық нысандарға соққы жасау туралы хабарларды мұқият қадағалап отырмыз.

Үндістан екі тарапты да жағдайды ушықтыратын қадамнан бас тартуға шақырады. Жағдайды ушықтырмау және негізгі мәселелерді шешу үшін диалог пен дипломатияның қолданыстағы арналарын пайдаланылу қажет. Үндістан екі елмен де тығыз және достық қарым-қатынаста әрі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. 

Аймақтағы Үндістанның барлық азаматына сақтық шараларын сақтауға және жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға кеңес беріледі, - делінген Үндістан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Ресей

– Таяу Шығыстағы шиеленістің қауіпті ушығуына аса алаңдаушылық танытамыз. Израиль мемлекетінің 13 маусымға қараған түні Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын бұзатын әскери әрекетін үзілді-кесілді айыптаймыз, - делінген Ресей Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

Бейбітшілікті бұзып, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай жауыздыққа халықаралық қауымдастық бейжай қарай алмайды. Мәлімдемеге сәйкес, орын алып жатқан жайттың ең арсыздық фактісі – Израиль шабуылдарының МАГАТЭ Басқарушылары кеңесінің сессиясының қызып жатқан кезінде және Иран мен АҚШ өкілдері арасындағы жанама байланыстардың кезекті раунды қарсаңында жасалуы.

– Иерусалим шиеленісті одан әрі ушықтыруға саналы түрде таңдау жасағаны анық. Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретін әскери авантюраның зияндылығы туралы бірнеше рет ескерту жасалды. Бұл арандатушылықтың барлық салдары үшін жауапкершілік Израиль басшылығына жүктеледі, - деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Тоқаев Трампты құттықтады

Тегтер:

#Израиль #Иран