24.11.2026, 10:50

Олжас Бектенов мемлекеттік қызметшілерге қызметтік ақпаратты тек Aitu арқылы жіберуді тапсырды

Фото: Үкімет

Үкімет басшысының пікірінше, отандық платформаны енгізу жұмыстары тым баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазір Aitu платформасында 7 миллионға жуық қолданушы тіркелген. Алайда қосымшаны күн сайын небәрі 350 мың адам пайдаланады. Ал айлық аудиториясы 1,3 миллион адамды құрайды.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Aitu платформасын мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Меніңше, бұл жұмыс тым баяу жүріп жатыр. Қарқынды арттыру керек. Aitu – жай ғана мессенджер емес, оның негізінде ұлттық экожүйе құрылуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Ол мемлекеттік қызметшілерден күнделікті жұмыс барысында Aitu қосымшасын пайдалануды талап етті. Сондай-ақ барлық қызметтік ақпаратты тек ұлттық мессенджер арқылы жіберуді тапсырды.

Үкімет басшысы бұл тапсырманың орындалуын қатаң бақылауға алуды жүктеді.