Петропавлда екі көлік соқтығысып, төрт адам ауруханаға жеткізілді. Кейін 50 жастағы жолаушы әйел көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы жол апаты Петропавл қаласындағы қиылыстардың бірінде болған. ВАЗ-2111 және Audi A6 көліктері соқтығысқан.
«Полиция қызметкерлері 21 қараша күні сағат 10:54 шамасында Петропавл қаласындағы Уәлиханов пен Гашек көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр. ВАЗ-2111 және Audi A6 автокөліктері соқтығысқан. Жол апаты салдарынан түрлі жарақат алған төрт адам медициналық мекемелерге жеткізілді. Олар – Audi A6 көлігінің 29 жастағы жолаушысы, ВАЗ-2111 көлігінің 50 жастағы жолаушысы мен 54 жастағы жүргізушісі, сондай-ақ 36 жастағы жаяу жүргінші. Кейін 50 жастағы жолаушы әйел ауруханада көз жұмды», – деп жазылған хабарламада.
Аталған жол апатына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда мұқият болуға шақырды.