23.11.2026, 17:20

Енді жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды үйден шықпай-ақ тапсыруға болады

Фото: ИИ/kursiv.media/

Алғашқы кезеңде оны тұрғылықты жері бойынша Астанада тіркелген азаматтар пайдалана алады.

Астанада жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер үшін теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Енді тестілеуден өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Емтиханды үйден шықпай-ақ компьютер арқылы тапсыруға болады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Жаңа қызмет eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөлімінде қолжетімді. Алғашқы кезеңде оны тұрғылықты жері бойынша Астанада тіркелген азаматтар пайдалана алады.

Онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер бұрын жүргізуші куәлігін алмаған, автомектепті аяқтаған және жарамды медициналық анықтамасы бар азамат болуы керек. Сондай-ақ көлік басқару құқығынан айырылмаған және диспансерлік есепте тұрмаған болуы шарт.

Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады. Оны орындауға 40 минут беріледі. Сынақтан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Тестілеуді мобильді телефон немесе планшет арқылы тапсыруға рұқсат етілмейді.

Емтихан кезінде үміткердің жеке басын сәйкестендіру және әрекеттерін бақылау үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі қолданылады. Бейнежазба, аудиобақылау және экранды жазу жүргізіледі. Сонымен қатар екінші камера ретінде смартфон пайдаланылады.

Онлайн емтиханнан сәтті өткен азаматтар практикалық сынақты әдеттегі тәртіппен мамандандырылған ХҚКО-да тапсырады. Ал теориялық емтиханды дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігі де сақталады.