Алматы қаласының Наурызбай ауданында тұрғындар жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жаяу жүргіншілер жолының жарамсыз күйге түскеніне шағымданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Alma City 5/2 тұрғын үй кешенінің маңындағы жол қазылып, кейін қайта жабылғанымен, тұрғындардың айтуынша, асфальт опырылып, ойық пайда болған. Соның салдарынан балалар арбасын сүйреген ата-аналар, қарттар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар жолдың көлік жүретін бөлігімен айналып өтуге мәжбүр.
Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасына күмән келтіріп, Наурызбай ауданы әкімдігінен мердігердің жұмысын тексеруді талап етуде. Ал аудан әкімдігі шағымға жауап беріп, мәселені қарастыру үшін нақты мекенжайды сұраған, алайда тұрғын жолдың орналасқан жерін көрсеткеннен кейін ақаудың қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. Қала әкімдігі жөндеу жұмыстарының сапасын неге дер кезінде тексермегені және тұрғындардың қауіпсіздігіне кім жауап беретіні туралы сұрақ туындайды.