20.11.2026, 18:00

Оманда 4 қазақстандық жол апатына түсті

Фото: ЖИ

ҚР Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.

Қазақстан азаматтарының Салала қаласындағы ауруханаға түскені туралы Threads әлеуметтік желіcінде туристік компания өкілі Динара Бимырза хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Сұлтандықтағы жол-көлік оқиғасы 15 қарашада болған. Апатқа бір отбасы мүшелері – әжесі, атасы, анасы және оның кәмелетке толмаған қызы түскен. Төртеуі де түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер зардап шеккендердің барлығына ота жасады.

Қазір отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайын ескере отырып, оларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда.

Осыған байланысты туристік компания Air Astana әуе компаниясы мен Kazunion Tour Operator-дан көмек сұрап жүгінді. Ол рейсті айыппұл санкцияларынсыз ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ медициналық көрсетілімдерге сәйкес зардап шеккендерге ұшақта жатып тасымалданатын орындар қарастырып, қажетті арнайы жағдай жасауды өтінді. 

Ал, қазақстандық дипломаттар Салала қаласындағы отандастарымызға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

"Бұл оқиға Сыртқы істер министрлігінің жіті бақылауында және қазақстандық дипломаттар оларға қажетті консулдық көмек көрсетіп, емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыста. Туристерді елге қауіпсіз қайтару мәселесі жан-жақты пысықталып жатыр", – деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.