20.11.2026, 15:10

Мемлекет басшысы ауыл кәсіпкерлеріне цифрлық сауда алаңдары қолжетімді болуы керегін айтты

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ауыл-аймақтардың инфрақұрылымын дамыту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мемлекет басшысының сөзінше, ауылдардың өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға ерекше көңіл бөлінуі керек. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары шоғырланған аудандардағы инженерлік желілерді жаңартып, кәсіпорындарға қатынайтын жолдардың сапасын жақсарту маңызды.

Сонымен қатар Президент ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін 150 миллиард теңге бөлініп, ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев құрылған жұмыс орындарының бүгінде қаншасы сақталғанын анықтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бағдарламаның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту керектігін айтты.

Мемлекет басшысы ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін цифрлық сауда алаңдарының, банктер мен логистикалық компаниялардың қызметтері қолжетімді болуы тиіс екенін еске салды.

Осы бағыттағы жұмысты жүйелі ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға жеткізу тетіктерін нақты келісімшарттар арқылы реттеу қажет.

Бұдан бөлек, шағын шаруашылықтар басым аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдайтын және сақтайтын орталықтар ашу ұсынылды.

Президент мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуы керектігін баса айтты.