17.11.2026, 13:00

СҚО-да әкімдік қызметкері уланып, екі аптадан соң ауруханада көз жұмды

Фото: © Pixabay.com

Ол жұмыс орнынан ауыр химиялық улану белгілерімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. 

Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдігінің қызметкері ауруханада көз жұмды. 62 жастағы әйел ауыр химиялық улану салдарынан екі аптаға жуық уақыт дәрігерлер бақылауында болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 3 қарашада Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелген. Ақ халаттылар науқастың өмірін сақтап қалу үшін ұзақ уақыт күрескенімен, 15 қарашада ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, аталған жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Құқық қорғау органдары болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр. Заң талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді», – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, 1964 жылы туған әйел аудан әкімдігінде статист болып жұмыс істеген. Ол жұмыс орнынан ауыр химиялық улану белгілерімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.