Мәскеуден Алматыға ұшып шыққан SCAT ұшағы жолда Астанаға шұғыл қонуға мәжбүр болды. Оқиғадан кейін жолаушылар әуе компаниясына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, ұшақтан түскен соң біраз уақыт сусыз, тамақсыз әрі не болғанын білмей күтуге тура келген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық жолаушы Threads әлеуметтік желісінде оқиғаны жазып, әуе компанияны сынға алды.
"Бүгін SCAT әуе компаниясының Мәскеу–Алматы бағыты бойынша ұшып келе жатқан ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонды. Мұндай жағдайдың болғанын түсінемін. Ұшақтағы жолаушылардың бәрі де қатты қорықты. Бірақ SCAT, неге жолаушыларға тіпті су да ұсынбадыңыздар? Біз наразылық білдіріп, шу шығарғанға дейін қорыққан, абдырап қалған жолаушыларды сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей, аяқтарынан тік тұрғызып қойдыңыздар", – деп жазды жолаушы.
Жолаушылардың айтуынша, оларды тіркеу орнының жанында бірнеше сағат бойы аяқтан тік тұрғызып қойған.
"Бортсеріктердің әрекеті де көңілден шықпады. Су сұрағанымда да менсінбей жауап берді. Тіпті жолаушылар су сұраса да, кабинадан шықпайды. Адамгершілік танытпады. SCAT үшін ұят", – деп жазды тағы бір жолаушы.
Ал SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметі ұшақтың Астанаға қонғанын растады.
"Мәскеу–Алматы бағыты бойынша ұшу кезінде ұшақтың борттық жүйесінде ескерту индикаторы іске қосылды. Осыған байланысты экипаж Астана қаласындағы базалық әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосымша ұшақ бөлді. Оны күту кезінде жолаушыларға салқын сусындар ұсынылды", – делінген хабарламада.