Гүлзада Ниетқалиева – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Гүлзада Ниетқалиева өмірден өтті. Ол 61 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді.
Гүлзада Ниетқалиева 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогика институтының тарих факультетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты.
1987–2000 жылдары Құрманғазы ауданындағы мектептерде ұстаздық етті. Кейін Атырау облыстық телерадио компаниясында аға редактор, «Ақ Жайық» апталық газетінде аға редактор, «Қайсар» құқық қорғау органдары газетінде бас редактор қызметтерін атқарды. Сондай-ақ «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде мәдениет, білім және денсаулық бөлімін басқарды.
Ақынның «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар» атты жыр жинақтары жарық көрген. Бұдан бөлек, Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған «Тұма жырдың тұнығы» және Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы туралы «Дара», «Жалғыз атты жолаушы» монографиялық еңбектерін жазған.
2017 жылы Ұлыбританияда ақынның «Жүректегі иман гүлі» атты Жаратқанға мінәжат дастаны жарық көрді.
2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай Атырау облыстық телерадио компаниясында «Махамбет-200» телехабарлар сериясын жүргізіп, «Қарой қасіреті» дастанын жазды.
Гүлзада Ниетқалиева – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.