02.11.2026, 20:30

Жамбыл облысындағы жасөспірімдер жанжалы: 9-сынып оқушысы жансақтауға түсті

Фото: Pixabay

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. 

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін тоғызыншы сынып оқушысы ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп  хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. 

Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.

Зардап шеккен баланың туыстарының айтуынша, жасөспірім өзінен үлкен оқушылар ұйымдастырған кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған болуы мүмкін. Олар ауылдағы мектеп оқушылары арасында әлімжеттік бар екенін алға тартады.

Туыстарының сөзінше, жасы үлкен балалар кішілерге түрлі тапсырмалар беріп, олардан ақша жинайды. Ал талаптарын орындамаған немесе кездесуге кешіккен жасөспірімдер жазаланады. Дегенмен бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта зардап шеккен оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер баланың жағдайын өте ауыр әрі тұрақсыз деп бағалап отыр. Оған қажетті қарқынды ем жүргізілуде.

Жамбыл облыстық білім басқармасының мәліметінше, 31 қазан күні кешке Жастар аллеясында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болған. Алдын ала дерек бойынша, жасөспірімдердің бірі екіншісінің кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.

Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжалға қатысы бар барлық адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне соққы жасаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары оқиғаның Жастар аллеясында емес, жасөспірімдер жиі жиналатын ауылдық клубтың маңында болғанын айтады. Алайда оқиғаның нақты орны әзірге ресми түрде нақтыланбаған.