02.11.2026, 17:00

«Іле-Балқаштағы» ғасыр жобасы: Амур жолбарысы табиғи мекендеу ортасына жіберілді (ВИДЕО)

Фото: Экология министрлігі

2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тағы бір тарихи оқиға орын алды. Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстанның жабайы табиғатында 70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыстар кездеспеген еді. Енді табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытында жүргізілген көпжылдық жұмыстың нәтижесінде бұл жыртқыштар өздерінің тарихи мекеніне біртіндеп қайта оралуда.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, сондай-ақ «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, мамандар мен адам және жолбарыс арасындағы қақтығыстардың алдын алу тобының мүшелері қатысты.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров атап өтті:

«Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық.

Бұл тарихи оқиға – ұзақ жылдар бойы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы орайда бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен тікелей қатысқаны үшін Ресей тарапына, әсіресе «Амур жолбарысы» орталығы мен оның мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстанның табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына қажетті жағдай жасауға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерімізге ризашылығымды жеткіземін.

Біздің басты мақсатымыз – осы жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру».

Амур табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур «Іле-Балқаш» резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауында болды. Осы уақыт аралығында мамандар оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстады.

Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады.