02.11.2026, 17:20

Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған ер адам қамауға алынды

Фото: видеодан скрин

Екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігерге шабуыл жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Медициналық мекеме мен полиция оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Аурухана берген мәліметке сәйкес, оқиға 31 қазанда болып, медицина қызметкерлері полиция шақырған.

Дәрігер баланы қажетті тексеруден өткізіп, оның әкесіне тексеру нәтижесін түсіндірген. Мамандардың айтуынша, баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім болмаған. Осыдан кейін баланың әкесі кенеттен үстелді теуіп, дәрігерге тап берген. Оны бірнеше адам әрең ажыратқан. Балалар хирургінің жағдайы жақсы, ол жұмысқа шығып, кезекшілікке кіріскен.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

— 31 қазанда Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында көрсетілген медициналық көмекке көңілі толмаған науқастардың бірінің әкесі мен медицина қызметкері арасында жанжал болған. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.

Медициналық қызметкерге шабуыл жасағаны үшін қандай жаза қарастырылған? Қазақстанда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қорқыту немесе күш қолдану үшін жеке қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 7 наурызда күшіне енді.

Қылмыстық кодекстің 380-3-бабына сәйкес, жаза құқық бұзушылықтың сипатына байланысты белгіленеді.

Медицина қызметкеріне күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

Өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданған жағдайда 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.

Ал күш қолдану адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаяды.