31.10.2026, 05:30

«Өлім аузында болдым»: Айдана Меденова басынан өткен қиындықтарын айтты (ВИДЕО)

Өнер иесі басынан өткен қиын сәттерін «Мамский әңгіме» подкастында баяндады. 

Танымал әнші, KeshYOU тобының бұрынғы мүшесі Айдана Меденова үшінші баласын дүниеге әкелген кезде өміріне қауіп төнгенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі басынан өткен қиын сәттерін «Мамский әңгіме» подкастында баяндады.

Әншінің сөзінше, жүктілігі бастапқыда жеңіл өткенімен, соңына қарай денсаулығында қиындықтар туындаған. Сонымен қатар ол мерзімінен бұрын босанғанын айтты.

«Өте ерекше өтті. Кішкене қауіпті болды. Біріншіден, ерте босану болды. Жүктілік жеңіл, жақсы өтті. Бірақ соңында ағзам шыдамай кетті. Әсіресе буын-сүйектерім қатты ауырды. Кішкене салмақ қостым. Сол үшін бе деп ойлаймын», – деді әнші.

Айдана Меденова толғағы басталғаннан кейін 12-13 сағат күткенін жеткізді. Алайда дәрігерлер босануға әлі дайын емес екенін айтқан.

«Толғағым келді, 12-13 сағат күттім. “Бүгін босанасың, бірақ әлі дайын емессің” деп айтты. Баламның кіндігі оратылып қалған екен. Экстренно кесарь тілігіне жіберді. Дәл босанар алдында. Өзім шок болдым. Дәрігерімнің көзінен бір нәрсе дұрыс емес екенін көріп тұрдым. Ол “Срочно операция!” деп айқайлады. Оны естіп, талып қалдым», – деп еске алды ол.

Әншінің айтуынша, бұл жағдай күйеуі Әлішер үшін де күтпеген әрі алаңдатарлық болған. Дәрігерлер оны алдын ала хабардар етпей, Айдананы бірден операцияға алып кеткен.

Подкаст барысында өнер иесі бір жылға созылған күйзелісі мен шығармашылыққа қайта оралуы туралы да әңгімеледі. Сонымен қатар KeshYOU тобының концерті, хиджабтан кейінгі өмірі, қызының таңдауы және ажырасу туралы тараған қауесеттерге қатысты пікір білдірді.