Алматыда «Мүмкіндіктер интеграциясы: терапиядан хирургияға дейін» атты конгрес өз жұмысын бастады. Іс-шара Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген дәрігерлердің басын қосып, ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, медициналық көмектің сабақтастығын және мамандар арасындағы пәнаралық өзара іс-қимылды талқылауға мүмкіндік берді.
Конгреске қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында білімнің, ғылымның, инновациялар мен жасанды интеллектінің қазіргі заманғы прогрестің негізгі қозғаушы күштері ретіндегі рөліне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Заманауи диагностикалық технологиялар, цифрлық шешімдер, іргелі және қолданбалы ғылымның жетістіктері ауруларды ерте анықтауға, емдеу мен профилактика әдістерін жетілдіруге, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. КІА ҒЗИ үшін бұл бағыттар ғылыми және практикалық қызметтің маңызды бағдарлары болып табылады. Біз отандық денсаулық сақтаудың болашағы ғылымның, білім беру мен клиникалық практиканың тығыз ықпалдастығына, сондай-ақ медицина мамандарының озық технологияларды меңгеріп, пациенттердің игілігі үшін инновациялық шешімдерді енгізуге дайындығына байланысты екеніне сенімдіміз», — деді Рүстем Төлеутаев.
Конгрестің ғылыми бағдарламасы кардиология, эндокринология, гастроэнтерология, гепатология, ревматология және пульмонология салаларын қамтыды. Қосымша патологиясы бар пациенттерді емдеуге, оңтайлы емдеу тактикасын таңдауға және медициналық көмектің әр кезеңіндегі мамандардың өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
Бұл мәселелердің өзектілігі созылмалы инфекциялық емес аурулардың кең таралуымен байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2023 жылы жүректің ишемиялық ауруынан әлемде шамамен 9,5 млн адам қайтыс болған. Ал 2024 жылы 30–79 жас аралығындағы шамамен 1,4 млрд ересек адам артериялық гипертензиямен өмір сүрген. Алайда олардың тек 23%-ында ғана артериялық қан қысымын бақылауда ұстау мүмкін болған.
Қант диабеті де денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Халықаралық диабет федерациясының мәліметінше, 2024 жылы әлемде 589 млн ересек адам қант диабетімен өмір сүрген. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 2025 жылы елімізде қант диабетімен ауыратын 558 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұрған. Олардың шамамен 95%-ында 2-типті қант диабеті анықталған.
Жүрек-қан тамырлары, эндокриндік, ревматологиялық және тыныс алу жүйесі ауруларының, сондай-ақ ас қорыту ағзалары патологияларының өзара байланысы диагностика мен емдеуде кешенді тәсілді қажет етеді. Сондықтан конгрестің негізгі тақырыбы әртүрлі медициналық мамандықтардың мүмкіндіктерін біріктіруге арналды.
Бағдарлама пленарлық баяндамаларды, тақырыптық секцияларды, клиникалық жағдайларды талқылауды және заманауи клиникалық ұсынымдарды қолдану мәселелері бойынша пікірталастарды қамтыды.
Кардиология және эндокринология бағыттарында қатысушылар жедел коронарлық синдром, артериялық гипертензия, 2-типті қант диабеті және семіздік мәселелерін талқылады. Асқынулардың алдын алу, дәрілік терапия және интервенциялық емдеу әдістеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ревматология және пульмонология секцияларында жүйелі иммундық-қабыну аурулары, ішкі ағзалардың зақымдануы және тыныс алу жүйесінің созылмалы патологиялары қарастырылды. Дифференциалды диагностика, дәрілік терапияның қауіпсіздігі және бірнеше ауруы бар пациенттерді жүргізу мәселелері талқылаудың негізгі бағыттарына айналды.
Гастроэнтерология және гепатология аясында ас қорыту ағзалары мен бауыр ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері, соның ішінде метаболизмдік және қабыну сипатындағы зақымданулар қарастырылды. Дәрілік, эндоскопиялық және хирургиялық емдеу әдістерін өзара үйлестіруге де ерекше назар аударылды.
Көпсалалы консилиум форматында өтетін клиникалық талқылаулар мамандарға тәжірибе алмасуға, күрделі клиникалық жағдайларды саралауға және емдеу шараларының оңтайлы реттілігін анықтауға мүмкіндік берді.
Республика Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған конгресс отандық ішкі аурулар медицинасының даму перспективаларын талқылауға, медициналық көмектің сапасын арттыруға және дәлелді медицина қағидаттарын клиникалық практикаға енгізуге арналған кәсіби алаңға айналды.
Нысаналы аудитория: терапевт, кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, гепатолог, ревматолог, пульмонолог, хирург дәрігерлер және жалпы практика дәрігерлері, резиденттер мен жас ғалымдар.