$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Хромтаудағы шахтада тоғыз күнде екінші кенші қаза тапты

Жұмысшының қаза тапқаны туралы комбинаттың иесі әрі ERG құрамына кіретін «Қазхром» компаниясы мәлімдеді.

Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

29 қазанда Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада кен жұмысшысы қаза тапты. Бұл – комбинатта тоғыз күн ішінде болған екінші адам өлімі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Жұмысшының қаза тапқаны туралы комбинаттың иесі әрі ERG құрамына кіретін «Қазхром» компаниясы мәлімдеді. Компанияның дерегінше, ер адам вагондарды тіркеп жатқан кезде жарақат алған. Оны Хромтау аудандық ауруханасына жеткізгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмады.
«Қазхром» қаза тапқан жұмысшының отбасына көмек көрсететінін мәлімдеді. Жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы департаменті қатысатын комиссия құрылады.

20 қазанда осы комбинатта тағы бір кенші қаза тапқан. Ол тау жыныстары опырылып құлаудан қорғайтын сақтандырғыш бекітпені орнатып жатқан кезде үстіне тау жыныстары құлаған. Сол кезде де комбинат басшылығы оқиғаның мән-жайы тексерілетінін айтып, марқұмның отбасына көмек көрсетуге уәде берген.

Дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром» компаниясының құрамына кіреді. Ал «Қазхром» Люксембургте тіркелген Қазақстандағы ең ірі тау-кен корпорацияларының бірі – Eurasian Resources Group (ERG) құрамында.
ERG компаниясының негізін Александр Машкевич, Патох Шодиев және Әлиджан Ибрагимов қалаған. Машкевич қайтыс болғаннан кейін қалған ортақ иелері бизнесті басқару мәселесіне байланысты ұзақ уақыт соттасты. Дауда Ибрагимовтер отбасы жеңіп, корпорацияны басқару тізгіні 39 жастағы Шухрат Ибрагимовке өтті.
2026 жылғы мамырда кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG акцияларының 39,3%-ын Шодиев пен Машкевичтің мұрагерлерінен сатып алды.
Мүтәліпке Integra Construction KZ құрылыс тобы тиесілі. Сонымен қатар ол Қазақстан бокс федерациясын және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылыс комитетін басқарады.
Қазір кәсіпкер швейцариялық Glencore компаниясынан «Қазмырыштың» 70%-ын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0