Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторларының бірі.
Бүгін ақын, әдебиеттанушы, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұзафар ӘЛІМБАЕВтің туған күні, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
1923 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1948-1958 жылдары «Пионер» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары болды. 1958-1986 жылдары «Балдырған» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Қарағанды жырлары» 1952 жылы жарық көрді. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Өлеңдер мен поэмалар» және басқа да жыр жинақтарының авторы. Мұзафар Әлімбаевтың 300-ге жуық өлеңіне ән жазылып, олар халық арасында кеңінен танылды.
Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторларының бірі. Қазақ балалар әдебиетіне «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Шынықсаң – шымыр боларсың», «Орақ-олақ» сияқты көрнекті шығармалар қосты. «Аспандағы әпке» кітабы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Әлем халықтарының мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударып, оларды «666 мақал мен мәтел», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз» кітаптарына топтастырды. А.Пушкин, М.Лермонтов, Тоқтағұл, Я.Райнис және басқа да ақын-жазушылардың шығармаларын қазақшаға аударды. Сондай-ақ «Манас» қырғыз эпосын қазақ тіліне аударуға атсалысты. Мұзафар Әлімбаевтың шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған.