Олар салған ақшаны екі еселеп беретінін айтып, уәде еткен.
Ақтөбе облысының тұрғындары оңай жолмен табыс табамын деп алаяқтарға алданып, бірнеше миллион теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар өңірдің бірнеше тұрғынына алтын бұйымдарды қайта сату бизнесіне инвестиция салуды ұсынып, салған ақшасын екі еселеп қайтаратынын уәде еткен.
Алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған жарнамалар жариялап, бірнеше еселеген табыс табатынын уәде еткен. Соның салдарынан Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғыны олардың сөзіне сеніп, 1,5 млн теңгесін аударып жіберген. Ал тағы бір тұрғын алаяқтардың «алтын» дивидендтер туралы уәдесіне сеніп, 1 миллион 650 мың теңгесінен айырылып қалған.
«Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша «Алаяқтық» бабы аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция тұрғындарды қаржылық операциялар кезінде сақ болуға шақырады. Салған ақшаңызды аздаған уақытта екі еселеуге кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіз. Алтын бұйымдарды, криптовалютаны немесе акцияларды сатудан жоғары пайда табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстардан сақ болыңыз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген инвестициялық ұсыныстардың шынайылығын тексермей, ақша аудармаңыз», – делінген ІІМ хабарламасында.