Бейнекадрлардан көліктің дүкен ішіндегі сөрелер мен тауарларға айтарлықтай зиян келтіргенін көруге болады.
Алматы облысының Боралдай кентінде жеңіл автокөлік Fix Price дүкенінің ішіне басып кірді. Оқиға түсірілген видео Threads әлеуметтік желісінде тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бейнекадрлардан көліктің дүкен ішіндегі сөрелер мен тауарларға айтарлықтай зиян келтіргенін көруге болады.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бірі жүргізушінің денсаулығы кенеттен сыр беруі мүмкін екенін айтса, енді бірі оның әрекеті сатып алушылардың өміріне қауіп төндіргенін жазды.
«Денсаулығында кінәрат болса, рөлге отырмау керек еді, біреуді мерт қылуы мүмкін еді», «Кенеттен жүрегі ұстап қалса ше? Мұндай жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған», «Егер адам өлімі болса ше? Дүкендегілердің орнында болмаған соң айту оңай, мүмкін біреу соңғы сәтте ыршып үлгерген шығар», – деп пікір білдірді желі қолданушылары.
Оқиғаға қатысты Алматы облысының Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес хаттама толтырылды», – деп хабарлады ведомство.