24.10.2026, 10:30

«Эмоцияңа ие бол»: Алматыда автобуста әйелмен жанжалдасқан ер адам қамауға алынды (ВИДЕО)

Фото: видеодан кадр

Автобустағы жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тараған

Алматыда қоғамдық көлікте жанжалдасқан екі жолаушы сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға кезінде балағат сөздер айтқан 27 жастағы әйелге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынса, 38 жастағы ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Автобустағы жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тараған. Полицияның мәліметінше, сөзге келген екі жолаушы да жанжал барысында былапыт сөздер қолданған.

Сот 27 жастағы Алматы тұрғынын ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Ал жанжалға қатысқан 38 жастағы ер адам да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамалды.

Алматы қаласының Полиция департаменті қоғамдық орындарда тәртіп сақтаудың маңызын еске салды.

«Эмоция жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық көлік – әр жолаушы тыныш әрі қауіпсіз сапарға құқылы кеңістік. Былапыт сөздер айту, қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзу айыппұлдан бастап әкімшілік қамаққа дейінгі нақты құқықтық салдарға әкелуі мүмкін», – деп мәлімдеді ведомство.