23.10.2026, 09:40

Бүгін – қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туған күні (ВИДЕО)

Қазақтың батыр қызы 1922 жылы 23 қазанда дүниеге келген. 

Бүгін, 23 қазанда, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туған күні, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мәншүк Мәметова – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда ерлік көрсеткен пулеметші, гвардияның аға сержанты. Ол 3-екпінді армияның Калинин майданы құрамындағы 100-жеке атқыштар бригадасында қызмет еткен.

Қазақтың батыр қызы 1922 жылы 23 қазанда дүниеге келген. Ол майданда көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі арқылы тарихта есімін қалдырды. 1943 жылы Невель қаласы үшін болған шайқаста соңына дейін шайқасып, ерлікпен қаза тапты.

1944 жылы Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол – осы жоғары атаққа ие болған тұңғыш қазақ қызы.

Мәншүк Мәметованың есімі ел жадында ерліктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің символы ретінде сақталып келеді. 

1922 жылы Қазақстанның Орал облысы Орда ауданына қарасты Жасқұс ауылында дүниеге келген. Отбасында бесінші бала болған. Ата-анасынан ерте айырылып, Алматыда тәтесінің қолында тәрбиеленген. Орта мектепті бітірген соң жұмысшы факультетінде білім алып, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің хатшылығында жұмыс істеген. 1942 жылы Алматы медициналық институтының екі курсын аяқтап, өз еркімен майданға аттанған.

1942 жылдың тамызынан Қызыл Армия қатарында қызмет етті. Алғашында штабта хатшы, кейін далалық госпитальда медбике болды. Бос уақытында «Максим» пулеметінің құрылысын меңгеріп, атқыштар бөліміне ауысуға қол жеткізді. Нысана көздеуді институтта оқып жүрген кезінен-ақ жақсы меңгерген еді.

1943 жылғы 15 қазанда Калинин майданының әскерлері Псков облысындағы Невель қаласын азат ету үшін шайқасты. Сол ұрыста қаруластары қаза тапқан соң, Мәншүк пулеметтен оқ жаудырып, жаудың 70 жауынгерін жойып, ерлікпен қаза тапты. Невель қаласында жерленген.

1944 жылғы 1 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.

Тегтер: батыр мәншүк