Оқиға Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында болған.
Атырау облысында туған ұлынан жәбір көргенін айтқан 90 жастағы Әділхан Сисеновтің денсаулығы нашарлап, болған оқиғаны есіне түсіруі қиындаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында болған. Биыл жазда қария кенже ұлының өзін ұрып-соғып, ас-сусыз қамап қойғанын айтқан. Сондай-ақ түн ішінде терезеден қашып шыққанын баяндап, денесіндегі жарақаттарын көрсеткен еді.
Қарияның қарындасы Кенжетай Сисенованың айтуынша, ұлы әкесіне үйіне қайта оралса, өлтіретінін айтып қорқытқан.
Ал немересі Сәуле Әділханның сөзінше, атасы сотқа қатысып, басынан өткен жағдайды баяндауға ниетті болған. Алайда сот процесін күту кезінде денсаулығы сыр беріп, есте сақтау қабілеті нашарлаған.
«Ұмытып қалған, ештеңе білмейді. Осыған дейін үш айға дейін соты болғанда бәрін біліп, бәріне жауап берер ме еді? Негізі, күтті, өз аяғыммен сотқа барамын деп күтіп еді. Бірақ енді атамызды осындай жағдайға түсіріп тастап тұр ғой», – дейді немересі.
Ал күдікке ілінген Қанат Сисенов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айтылғандарды жала деп атаған. Ол әкесіне жиырма жылдан астам уақыт бойы өзі қарағанын алға тартып, сараптама қорытындысында денсаулығына ауыр зиян келмегені көрсетілгенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс Жылыой ауданының сотында қаралып жатыр. Бұған дейін полиция аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғаған болатын.