Министр жаңа әдістеменің қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін өз отбасының табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді жария етті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын онлайн-калькулятор арқылы өз отбасын тексеріп көрді. Нәтижесінде оның отбасы В санатына жатқызылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Еңбек министрі бүгін «Әл-ауқатты бағалау калькуляторын» таныстырды. Жақын арада бұл құрал көпшілікке қолжетімді болады. Оның көмегімен әрбір азамат Бағалау әдістемесіне сәйкес өзінің әл-ауқат деңгейін бағалай алады.
Министр жаңа әдістеменің қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін өз отбасының табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді жария етті.
Асқарбек Ертаев 49 жаста, ай сайынғы жалақысы — 1,2 млн теңге. Жұбайы жұмыс істемейді, оның жасы 44-те. Отбасында төрт бала бар.
Министрдің үлкен ұлы 29 жаста және айына 600 мың теңге табады. Ортаншы ұлы 23 жаста, оның айлық табысы — 400 мың теңге. Сондай-ақ министрдің 13 жастағы қызы мен төрт жастағы кенже ұлы бар.
Отбасының Астанада 100 және 60 шаршы метрлік екі пәтері бар. Бұдан бөлек, 2013 жылғы Toyota Camry 50 автокөлігі тіркелген. Министрдің мәліметінше, отбасының бизнесі де, жер учаскелері де жоқ.
Осы деректерді онлайн-калькуляторға енгізгенде, министрдің отбасы В санатына жатқызылды.