Мешіт ұстазы балаларды тәртіпке шақыру барысында эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға сай келмейтін әрекеттерге жол берген.
Әлеуметтік желіде Қаскелең мешітінде жасөспірімдерді ұрып-соғу сәті көрсетілген видео тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алматы облысының ҚМДБ өкілдері Қарасай ауданындағы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Олар бұл видео Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінде өткен «Имани жаз» діни сауат ашылу жазғы курстары кезінде түсірілгенін нақтылады.
Әлеуметтік желіде таралып жатқан видеодағы жағдай 2026 жылғы маусым айының басында Қарасай ауданы «Түркістан-1» мешіті жанындағы діни сауат ашу курсы барысында орын алды. Аталған жағдайдан кейін мешіт ұстазы Дүйсенхан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру барысында эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға сәйкес келмейтін әрекеттерге жол берген, - делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар, оқиға анықталғаннан кейін мешіт ұстазы қызметінен босатылғанын хабарлады.
Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиналыс өткізіліп, мән-жайы жан-жақты қаралды. Дүйсенхан Нұрберді өз қателігін мойындап, өкініш білдіріп, ата-аналардан кешірім сұрады. Ата-аналар тарапынан дау-шағымдарының жоқтығы жөнінде жазбаша және бейнежазба түріндегі мәлімдемелер алынды. ҚМДБ-ның /2290 бұйрығына сәйкес Дүйсенхан Нұрберді мешіт ұстазы қызметінен босатылды, - деді ҚМДБ Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі.