Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылды.
Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны пышақ жарақатын алғаннан кейін полицияға жүгінген. Оқиғаға қатысты кәмелетке толмаған жасөспірім күдікті ретінде танылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылды. Бұл туралы Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрсұлтан Алтай мәлімдеді.
«Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады», - деді ол.
Сонымен қатар, қылмыстық іс материалдары әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Комиссия жасөспірімнің мұндай әрекетке баруына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтап, тиісті шаралар қабылдауы тиіс.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.