25.09.2026, 09:40

Каспийде әскерилерді іздеуге 250-ден астам адам жұмылдырылды

Фото: Инстаграм

Іздестіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб құрылды.

Каспий теңізінде әскери қызметшілерді іздестіру-құтқару жұмыстарына 250-ден астам әскери қызметші мен қызметкер тартылды. Оқиға орнындағы операцияға тікелей басшылықты Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Іздестіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді.

Ауқымды операцияға 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылған. Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына 20-дан астам әуе кемесі, оның ішінде төрт тікұшақ тартылды.

Қазір су айдыны, жағалау және оған іргелес аумақтар әуеден тұрақты түрде бақыланып, тексеріліп жатыр.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия қайғылы жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккендерге материалдық әрі психологиялық көмек көрсетілетіні айтылды.

Еске сала кетейік, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен. Үшеуі құтқарылды. Қазіргі таңда тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты.