Өндіріс көлемінің артуы келесі технологиялық кезеңді – мыс концентратын ел ішінде өңдейтін қуаттарды дамытуды талап етеді.
Мыс біртіндеп қарапайым өнеркәсіптік металдан стратегиялық ресурсқа айналып келеді. Электр желілері, энергетика, байланыс, дата-орталықтар, көлік, қорғаныс өнеркәсібі мен заманауи машина жасау салалары мыстың тұрақты жеткізіліміне тікелей тәуелді.
Әлемде аса маңызды минералдық ресурстар үшін бәсеке күшейген сайын мемлекеттер шикізатты өндірумен ғана шектелмей, оны өңдеу үдерісін де өз бақылауында ұстауға ұмтылып отыр. Мол шикізат қорына ие Қазақстан үшін бұл мәселе айрықша маңызға ие. Яғни елде өндірілетін мыстан түсетін экономикалық құнның қанша бөлігі ұлттық экономикада қалуы керек деген мәселе күн тәртібіне шығады.
Өндіріс көлемінің артуы келесі технологиялық кезеңді – мыс концентратын ел ішінде өңдейтін қуаттарды дамытуды талап етеді.
Бұл ретте мәселе тек катодты мыс өндірумен шектелмейді.
Концентрат – тек мыс емес
Мыс концентраты – құрамында түрлі элементтер кездесетін кешенді шикізат. Кен орны мен құрамына қарай онда алтын, күміс, селен, теллур және басқа да бағалы компоненттер болуы мүмкін.
Металлургиялық өңдеу кезінде бұл элементтер әртүрлі аралық өнімдерге бөлініп, кейіннен оларды жеке бөліп алуға мүмкіндік туады.
Сондықтан концентраттың қай жерде өңделетіні тек мыстың қай елде өндірілетінін анықтамайды. Кейінгі технологиялық операциялардың, ілеспе бағалы компоненттерді бөліп алудың және соған байланысты қосылған құнның қай мемлекетте қалыптасатыны да осыған байланысты.
Бүгінде Қазақстанда өндірілген мыс концентратының едәуір бөлігі сыртқы нарықтарға жөнелтіледі. 2025 жылы мыс кені мен концентраты экспортының нақты көлемі шамамен 1,42 млн тоннаны құрады.
Шикізат елден шығарылғаннан кейін өндірістік тізбектің келесі кезеңдері Қазақстаннан тыс жерде жалғасады.
Балқыту мен тазарту шетелдік кәсіпорындарда жүргізіледі. Электр энергиясына, көлікке, жөндеу жұмыстарына, инжинирингке және басқа да өнеркәсіптік қызметтерге сұраныс сол елдерде қалыптасады. Мамандар жұмыспен қамтылып, технологиялық құзыреттер де сол жерде дамиды. Ал шикізат құрамындағы бағалы ілеспе компоненттерді бөліп алу мүмкіндігі болса, оларды өндірудің тиісті кезеңдері де концентрат өңделетін мемлекетте жүзеге асырылады.
Бір концентраттан – бірнеше өнім
Шикізат ел ішінде өңделген жағдайда экономикалық модель өзгереді.
Концентрат отандық кәсіпорындарда балқытылып, кейін тазарту кезеңінен өтеді. Мысты электролиттік тазарту кезінде анодтық шлам түзіліп, оның құрамында бағалы металдар мен басқа да компоненттер шоғырланады. Оларды әрі қарай өңдеу арқылы алтын мен күмісті қоса алғанда, қосымша тауарлық өнім алуға болады.
Мыс металлургиясындағы тағы бір маңызды өнім – күкірт қышқылы.
Сульфидті мыс концентраттарын балқыту кезінде бөлінетін күкіртті газдар заманауи кәсіпорындарда ұсталып, күкірт қышқылына айналады. Осылайша бір мезгілде экологиялық және өндірістік екі міндет шешіледі: күкірт диоксидінің шығарындылары азайып, металлургиялық үдерістің жанама өнімі сұранысқа ие шикізатқа айналады.
Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше. Күкірт қышқылы уран өнеркәсібінде жерасты ұңғымалық шаймалау кезінде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ ол химия өнеркәсібіне, оның ішінде минералдық тыңайтқыштар өндірісіне қажет.
Демек, заманауи мыс балқыту кешені бір мезгілде бірнеше салаға серпін бере алады: мыс өндіреді, шикізат құрамындағы бағалы компоненттерді бөліп алуға мүмкіндік береді және басқа стратегиялық өндірістерге қажетті күкірт қышқылын шығарады.
Сондықтан қазіргі металлургия – тек металл балқыту емес, минералдық шикізатты кешенді әрі тиімді пайдалану жүйесі.
Шикізат базасы өңдеу қуаттарынан жылдам өсті
Бұл ретте Қазақстанда тарихи қалыптасқан белгілі бір теңгерімсіздік бар.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз мыс кенін өндіру және байыту көлемін айтарлықтай арттырды. Жаңа ірі кеніштер ашылып, байыту қуаттары іске қосылды. Алайда мыс балқыту саласында дәл сондай ауқымды өсім болған жоқ – осы кезеңде жаңа ірі мыс балқыту зауыттары салынбады.
Соның салдарынан концентрат өндіру мүмкіндігі оны ел ішінде металлургиялық өңдеу қуаттарына қарағанда жылдамырақ артты.
Индустрияландырудың жаңа кезеңінде осы теңгерімсіздікті біртіндеп азайту міндеті тұр.
Бұл жерде мақсат – концентрат экспортына әкімшілік жолмен шектеу қою емес. Қазақстан өндіруші кәсіпорындарға сыртқы нарықтарға балама бола алатын, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі бәсекеге қабілетті ішкі өңдеу жүйесін қалыптастыруы қажет.
Мыс стратегиялық тұрақтылық мәселесіне айналып келеді
Мұндай саясаттың қажеттілігі әлемдік нарықтағы өзгерістерге байланысты арта түсуде.
Мыс технологиялық дамудың негізгі бағыттарының барлығына дерлік қажет. Электр желілерін жаңғырту, жаңа энергетикалық қуаттарды салу, дата-орталықтарды дамыту, электр көлігі, өнеркәсіптік автоматтандыру және қорғаныс жүйелері осы металға деген сұранысты арттырып отыр.
Сондықтан әлемнің ірі экономикалары мыс пен басқа да аса маңызды материалдарға қолжетімділікті тек коммерциялық мәселе ретінде қарастырмайды. Олардың тұрақты жеткізілімі, өңделуі және жеке өндірістік тізбектердің болуы экономикалық және ұлттық қауіпсіздікпен барған сайын тығыз байланыстырылып келеді.
Бұл тұрғыда Қазақстанның жағдайы ерекше. Көптеген өнеркәсібі дамыған мемлекеттер секілді шикізатты шетелден іздеудің қажеті жоқ – қажетті ресурс еліміздің өзінде өндіріледі.
Ендігі міндет – осы артықшылықтан барынша мол өнеркәсіптік нәтиже алу.
Осы орайда кейінгі жылдары қолға алынған шикізатты терең өңдеуді кеңейту саясаты ерекше мәнге ие. Шикізаттың технологиялық өңдеу кезеңдері ел ішінде неғұрлым көп жүзеге асса, Қазақстанның рөлі тек кен өндіру және бастапқы байытумен шектелмейді.
Шикізаттық артықшылықтан – өнеркәсіптік басымдыққа
Мыс концентратын ел ішінде өңдеу көлемін ұлғайту бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді.
Бұл – металл өндірісін арттыру, минералдық шикізатты кешенді пайдалану, қосымша өнім шығару, жаңа жұмыс орындарын ашу, инженерлік және металлургиялық құзыреттерді дамыту, салық түсімдерін көбейту, сондай-ақ энергетика, көлік және өнеркәсіптік қызметтерге қосымша сұраныс қалыптастыру.
Алайда түпкі мақсат өндірістік тізбектің одан да кейінгі сатыларында жатыр.
Катодты мыс Қазақстанда мыс сым өзегін, сым мен кабель, электротехникалық компоненттер өндіруге, ал болашақта энергетика, құрылыс, көлік және машина жасау салаларына арналған неғұрлым күрделі жабдық шығаруға қажетті шикізатқа айналуы тиіс.
Сонда еліміздің минералдық-шикізат базасының артықшылығы бірнеше кезеңде экономикалық нәтиже береді: алдымен кен өндіруде, кейін байытуда, одан соң металлургиялық өңдеуде және ақырында дайын өнім шығаруда.
Сондықтан мыс концентратын ел ішінде өңдеу мәселесі жекелеген металлургиялық кәсіпорындардың экономикасынан әлдеқайда ауқымды.
Мемлекет үшін негізгі таңдау – шикізатты басым түрде экспорттау немесе табиғи ресурстарды ел ішінде жаңа өндірістік тізбектер қалыптастырудың негізіне айналдыру.
Мыс әлемдік экономика мен ұлттық қауіпсіздік үшін стратегиялық маңызға ие болып келе жатқан қазіргі жағдайда Қазақстанның өз шикізат базасының болуы – елеулі артықшылық. Ендігі міндет – осы артықшылықты заманауи өңдеу қуаттарымен толықтырып, оны елдің ұзақ мерзімді индустриялық әлеуетіне айналдыру.