$ 450.79  524.13  5.31

Шалқарда 17 жастағы оқушы пышақ жарақатынан қаза тапты

Сот талқылауы әлі жалғасып жатыр.

Фото: Видеодан скрин
Фото: Видеодан скрин

Шалқар қаласында 17 жастағы оқушы пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы оқиғаға қатысты 18 жастағы студентке адам өлтірді деген айып тағылып, қазір іс сотта қаралып жатыр.

КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға 19 наурыз күні кешкі уақытта болған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, сол күні студент анасының көлігін рұқсатсыз алып, жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан қала шетіндегі аумаққа барған. Ол өзімен бірге аңшылық пышағын алып жүрген. Жас жігіт аталған жерде «Маяк» тобының басқа мүшелерімен бірге болған.

Кейін жастар арасында жаппай төбелес басталып, оның барысында 17 жастағы оқушы жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған. Ауыр жарақат салдарынан ол көз жұмған.

Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушының пышақ қолдануы адам өліміне әкелген. Алайда 18 жастағы студент тағылған айыпты мойындамай отыр.

Ол пышақты өзін қорғау үшін алғанын айтады. Айыпталушының сөзінше, өзіне қарай бір топ жас жігіт жүгіріп келген кезде, өміріне қауіп төнді деп ойлап, соққы жасаған.

Сот отырысында студент қаза болған жасөспірімнің отбасынан кешірім сұрап, оны әдейі өлтіргісі келмегенін мәлімдеді. Оқиғадан кейін оның бой тасалап, ғимараттардың біріне жасырынғаны айтылды.

Марқұмның жақындары айыпталушыға қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр.

Сот талқылауы әлі жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0