Оқиға Хромтау қаласындағы демалыс базаларының бірінде болған.
Ақтөбе облысында қарындасының күйеуін қызметтік қарумен атып, өлтіруге оқталған бұрынғы полицейге сот үкімі шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға Хромтау қаласындағы демалыс базаларының бірінде болған. Іс материалдарына сәйкес, 32 жастағы учаскелік полиция инспекторының көмекшісі отырыстан кейін қызметіне шығуы керек болған. Сол себепті ол өзімен бірге «Макаров» қызметтік тапаншасын алып жүрген.
Дастарқан басында оның қарындасының күйеуі де болған. Отырыста жәбірленуші әйелін ұрғанын және алдағы уақытта да қол көтере беретінін айтқан.
Осы сөзден кейін полицей жездесіне қызметтік қаруынан оқ атқан. Ол төрт рет атуға әрекет жасаған, алайда төртінші рет атқанда тапаншаға гильза тұрып қалған.
Салдарынан ер адам кеуде және іш тұсынан жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің көмегімен оның өмірін сақтап қалу мүмкін болған.
Оқиғадан кейін бұрынғы полицей адам өлтіруге оқталды деген айыппен сот алдында жауап берді.
Сот оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.