Оқиға биыл 24 маусымда болған.
Алматы – Қорғас тасжолында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға биыл 24 маусымда болған. Жол апатынан бір отбасының үш мүшесі – әкесі, анасы және қызы қаза тапқан. Марқұмдардың жақындары жол апатына кінәлі жүргізуші полиция қызметкері болуы мүмкін екенін айтып, күдік келтірген еді.
Сот шешімімен Абылай Жарылқасынұлы Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған көлік басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталған азамат жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады.
Бұған дейін жол апатынан қаза болғандардың туысы Гүлзана Тұрдиева тергеу барысы туралы айтып берген. Оның мәліметінше, сот-химиялық сараптаманың қорытындысы дайындалып, күдіктінің қанынан 3,3 промилле алкоголь анықталған.