$ 456.89  531.36  5.32

Қазақстандық балалардың 88%-ында смартфон бар: әлеуметтік желі баланың ойлау қабілетін әлсіретіп жатыр

Депутат мәселе баланың әлеуметтік желіге кіруінде емес, онда қанша уақыт өткізетінінде екенін атап өтті.

Фото: Видео скриншот
Фото: Видео скриншот

Қазақстанда балалардың смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелділігі алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан келтірген дерекке сәйкес, еліміздегі балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеуде Қазақстандағы 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы, ал 11-12 жастағылардың 66 пайызы әлеуметтік желіні пайдаланатыны анықталған. Балалар арасында TikTok, YouTube және Instagram ең танымал платформалардың қатарында.

Депутат мәселе баланың әлеуметтік желіге кіруінде емес, онда қанша уақыт өткізетінінде екенін атап өтті. Смартфонға шамадан тыс әуестік кітап оқуға, спортпен айналысуға, сабаққа дайындалуға және отбасымен қарым-қатынас жасауға кететін уақытты қысқартып отыр. Мұның салдары баланың бос уақытымен ғана шектелмейді.

Жанарбек Әшімжанның айтуынша, әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдыларының әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мәселенің ауқымы әлем бойынша да ұлғайып келеді. Депутат келтірген мәлімет бойынша, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға дейін өскен.

Осыған байланысты бірқатар мемлекет балалардың әлеуметтік желі пайдалануына жас шектеуін енгізе бастады. Австралия бұл бағытта 16 жасты шек ретінде белгілесе, Бразилия, Индонезия және басқа мемлекеттерде де балаларды цифрлық ортадағы қауіптен қорғауға бағытталған талаптар қарастырылып немесе енгізіліп жатыр. Жанарбек Әшімжанның сөзінше, балалардың цифрлық ортаға жаппай енуі ата-ана бақылауы мен заңнамалық тетіктер мәселесін де алдыңғы қатарға шығарып отыр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0