Ағартушы, жазушы Санжар Керімбай әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың түпкі себебі ер балалар тәрбиесінің әлсіреуінен екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол «Айтарым бар» подкастына берген сұхбатында қазіргі қоғамда дәстүрлі тәрбие жүйесінің жоғалып бара жатқанын атап өтті.
«Қазақ халқы ұл баланы өсіретін өзінің дәстүрлі тәрбиесін жоғалтып алды. Бұрын ұлдарды аямайтын еді. Бауыржан Момышұлы да «Әжем өмірдегі ең үлкен ұстазым, кішкентайымнан қисса айтатын еді» деп айтады. Қыздарды өлтіріп қойып жатқан надан еркектердің шешесінен «Осы ұлды қалай өсірдіңіз» деп сұрашы. Өсіп кеткен ер азаматтарға ештеңе істей алмайсың. Қамайды, соттайды. Осындай мәселе көбейіп кеткеннен кейін мемлекет мұның бәрі надандықтан шығады деп «Кітап оқитын ұлт» дегенді жариялады. Қазір мемлекеттік мекеменің бәрін, мектептерді қысып жатыр. Ешқандай кітап оқымай жүргеннен кейін олар ешқандай бағыт ала алмай жатыр. Баяғы патриархалды қоғамда қалып кеткен «Еркек бүйту керек» деген надан түсініктерді алып алады. Бірақ міндеттерін білмейді», — дейді ол.
Оның сөзінше, ер азаматты есейгеннен кейін тәрбиелеу қиын. Сондықтан бала кезінен оның бойына жауапкершілік, ар-намыс және үлкен мақсат қалыптастыру қажет.
«Ер азаматтың ішінде ат басындай шер қатады. Көкірегіңде арман болмаса, бір қыздың сорына бітесің. Осы бастан ұлы мұратты көздеп үйреніңдер. Кішкентай бала оны көздей алмайды. Оған «Алпамысты», «Қобыландыны» жаттатып қоясың. Пайғамбарлар қиссасындағы Мұса пайғамбардың, Нұх пайғамбардың шайқастары сіңу керек. Кішкентай кезінен қалыптасады. Есейіп, рационализм келсе, мифологиялық емес, өмірде болған, нақты, тарихи тұлғалар кетеді. 16 жастан бастап ертегімен қоштасады. Сол кезде Қанышты, Тәшеновты, Бейсембайды оқиды», — дейді Санжар Керімбай.
Сондай-ақ ол ұл баланы шектен тыс еркелетіп өсірудің салдарына тоқталды.
«Тиран ұл балаларды кішкентай кезінде шешелері аузына не болса соны тосып өсіріп жіберді. Енді оларға айту керек: «Балаңыд аясаң, аяма». Ұл балаларды қысып өсіру керек. «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді», «Ер азаматқа өлім барда қорлық жоқ», «Әйелдің сорлысы ер қориды, ердің сорлысы жер қориды», «Ер азамат түзде мырза, үйде құл» деп, үйге келгенде аяғыңды асып қойып жатпа, құл сияқты жұмыс істе, абыройыңды түзде бұлдайсың деп оларды қайрайтын сөздер айту керек. Ол еш жерде айтылмайды. Үйрететін механизм, не оқулық, не сені қолдайтын адам жоқ. «Пәленшені ұрып өлтірді» деген салдары тоқтамайды», — дейді ол.