07.09.2026, 11:20

Майами әуежайында Boeing 767 ұшағы апатқа ұшырап, бес адам қаза тапты

Фото: X / Confidential Post

Тағы бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами халықаралық әуежайында Amazon Prime Air компаниясының рейсін орындауға дайындалып жатқан Boeing 767 жүк ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, кемінде бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Тағы бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. АҚШ Көлік министрі Шон Даффидің айтуынша, оқиғаны АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) тексеріп жатыр.

– Бес адамның қаза тапқанын және тағы бес адамның жарақат алғанын білеміз, – деді Майами-Дейд округінің басшысы Даниэлла Левин-Кава оқиғаға қатысты өткен баспасөз мәслихатында.

«FAA тергеу жүргізу үшін инспекторларын жіберді», – деп жазды Шон Даффи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Оның айтуынша, Amazon компаниясына тиесілі жүк Boeing ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып кеткен Майами әуежайында ұшып шығуға уақытша тыйым салынды.

Министр жолаушылар ұзақ уақытқа созылатын кідірістерге тап болуы мүмкін екенін ескертті.

Бұған дейін куәгерлер ұшу-қону жолағынан шығып кеткен ұшақтан қою түтін шыққанын хабарлаған.