Қазір Досымбет ауруханада жатыр.
Ақтаудан әскерге шақырылған 18 жастағы сарбаз Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде өзін ұрып-соққанын мәлімдеді. Қазір оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, аталған әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбазға қатысты жағдай бойынша тергеу басталған. Істі Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі қарап жатыр.
«Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева ұлы Досымбеттің 3 шілдеден бастап Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүргенін айтқан.
Оның сөзінше, 4 қыркүйекте ауруханадан қоңырау түсіп, баласының үш күннен бері медициналық мекемеде жатқанын білген.
Алғашында жас сарбазды уролог қараған. Талдау нәтижесінде инфекция анықталмаған. Кейін дәрігерлер травматолог шақырған. Анасының айтуынша, маман қуықтағы мәселелердің денеге түскен жарақатпен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.
Осыдан кейін сарбаз анасына әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын жеткізген. Травматолог полиция шақырып, жас жігіт құқық қорғау органдарына арыз жазған.
Кейін анасы ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен кезде, сарбаз өзін аға сержант және тағы екі сержант ұрғанын айтқан.
Қазір Досымбет ауруханада жатыр. Анасы жақын туыстарымен бірге Ақтөбеге шұғыл жолға шығуды жоспарлап отыр.
Ал әскери бөлім өкілдері сарбаздың №6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенін және қазіргі уақытта ауруханада жатқанын растады.