$ 458.87  535.09  5.42

«ТЖМ келгенше кірмеуіміз керек еді»: Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта куәлік берді

"Ол жерде адам өте көп болды". 

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында марқұммен бірге оқиға орнында жұмыс істеген әріптесі Ақтамақ Сыздықова куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні оның бригадасы күндізгі ауысымға шыққан. Жұмыс басталар алдында қызметкерлер қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті нұсқамадан өтіп, арнайы журналға қол қойған.

Сонымен бірге Ақтамақ Сыздықова жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған ішкі нұсқаулық бойынша дәрігерлердің төтенше жағдай болған орынға тікелей кіруге болмайтынын түсіндірді. Себебі ғимараттың қайта опырылу қаупі болған.

Медицина қызметкерлері құтқарушыларды күтіп, зардап шеккендерді қауіпсіз жерге шығарғаннан кейін ғана көмек көрсетуге тиіс болған.

Алайда қайғылы жағдай кезінде оқиға орнында медициналық көмекке мұқтаж адамдар болған, ал Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері әлі келмеген. Осыған байланысты медицина қызметкерлері ішке кіруге шешім қабылдаған.

— Біз төтенше жағдай болған аумаққа кірмеуіміз керек еді, бірақ онда адамдар болды, ТЖМ қызметкерлері жоқ еді. Сондықтан ішке кіріп, көмек көрсетуге тура келді, — деді куәгер.

Оның айтуынша, шақырту кезінде бастапқыда ғимараттың қасбеті құлағаны туралы ақпарат көрсетілген. Алайда жедел жәрдем қызметкерлерінде қажетті жеке қорғаныс құралдары болмаған.

Ақтамақ Сыздықова оқиға орнында өзі мен Ұлдана Мырзуанның екі жаққа бөлініп кеткенін де айтты.

— Ол жерде адам өте көп болды. Сөйтіп, қалай болғанын білмеймін, екі жаққа бөліндік. Мен басқа жаққа кеттім, Ұлдана басқа жаққа барды, — деп түсіндірді ол.

Куәгер ғимараттың құлаған сәтін өзі көрмеген. Оның айтуынша, екі жедел жәрдем бригадасы оқиға орнында шамамен 10-15 минут болған. Осы уақытта оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің, полицияның немесе басқа да шұғыл қызметтердің өкілдері келмеген.

Ұлдана Мырзуанды қауіпті аймақтан алып шыққаннан кейін әріптестері оған медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген. Куәгердің айтуынша, фельдшер ес-түссіз болған және қабылдау бөліміне бара жатқан жолда есін жимаған.

Сонымен бірге Ақтамақ Сыздықованың айтуынша, монитор жүрек соғысы мен тамыр соғысының бар екенін көрсеткен. Ұлданаға оттегі беріліп, көктамыр арқылы инфузиялық терапия басталған.

Куәгер қайғылы оқиғадан кейін қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында қызметтік тексеру жүргізілгенін де айтты. Алайда оның сөзінше, тексеру нәтижесі қызметкерлерге хабарланбаған.

Оқиғадан кейін жұмыс тәртібі жалпы өзгермеген. Дегенмен қызметкерлерге қауіпсіздік техникасын сақтау және қауіпті аймақтарға кірмеу қажеттігі қосымша ескертіле бастаған.



 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0