20.08.2026, 20:30

«Бір күн бұрын күйеуі ұрып-соққан»: Қарағандыда 28 жастағы әйел өлі табылды

Фото: видеодан скриншот

Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Динара мен күйеуі арасында жанжал болған.

Қарағандыда 28 жастағы, Шымкент қаласының тумасы Динара Мыңбаеваның өліміне қатысты дау туындады. Екі баланың анасы 2025 жылғы 3 шілдеде жұбайымен бірге тұрған пәтерден асылып қалған күйде табылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

«Криминальный Казахстан» мәліметінше, полиция бұл жағдайды суицид ретінде тіркеп, қылмыстық істі тоқтатқан. Алайда марқұмның жақындары оның өліміне қатысты бірқатар күмәнді жайт барын айтып, істі қайта тексеруді талап етіп отыр.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Динара мен күйеуі арасында жанжал болған. Әйел полиция шақырып, жұбайының өзіне күш көрсеткенін айтқан. Алайда туыстарының мәлімдеуінше, оқиға орнына келген полицейлер арызда тек ауызша балағаттау фактісін көрсетуді ұсынған.

Сол түні Динара анасына телефон шалып, өзіне күш көрсетіліп, тұншықтырылғанын айтқан. Сондай-ақ балаларын алып кетуді өтінген.

Динараның анасы Шымкенттен жолға шығуға дайындалған. Алайда осы телефон қоңырауынан кейін қызымен қайта байланыса алмаған. Келесі күні отбасы оның қайтыс болғаны туралы хабар алған.

Марқұмның туыстары оқиға орнында да күмән тудырған жайттар болғанын алға тартады. Олардың айтуынша, Динарының денесінде көгерген іздер болған. Сонымен қатар пәтерден кілем жоғалып кеткен, ал әйелдің денесі ата-анасы келгенге дейін мәйітханаға жеткізілген.

Осыған байланысты отбасы Динараның өлімі суицид емес, оны өлтіру болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Марқұмның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен істі қайта тергеуді және қайғылы оқиға қарсаңында шақырту бойынша келген полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.

Динара Мыңбаеваның артында үш жастағы және бір жарым жастағы екі ұлы қалды.

Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі Қарағанды облысының Полиция департаментіне сауал жолдады.