19.08.2026, 10:40

Қытайда бір түнде екі рет жер сілкінді

Фото: Kazaknews.kz

Алғашқы дүмпу Астана уақытымен сағат 02:36-да Цинхай провинциясының шөлді аумағында болды.

19 тамызға қараған түні Қытай аумағында араға шамамен бір жарым сағат салып, екі жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алғашқы дүмпу Астана уақытымен сағат 02:36-да Цинхай провинциясының шөлді аумағында болды. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,8 балды құрады. Оның ошағы Алматыдан шамамен 1600-1700 шақырым қашықта орналасқан.

Кейін, 03:53-те Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тағы бір жер сілкінісі болды. Магнитудасы 4,5 балл болған дүмпудің ошағы Алматыдан шамамен 260-270 шақырым жерде, Ақсу аймағындағы Онсу ауданының таулы бөлігінде тіркелді.

Қытайдағы екі дүмпуді де Қазақстанның сейсмикалық станциялары тіркеді. Мәліметті Қазақ ұлттық деректер орталығы жариялады.