Қазақстандық қолданушылар да әлеуметтік желілерде видеоны белсенді қолдаған.
Әлемге танымал саяхатшы блогер әрі деректі фильм түсіруші Джо Хаттаб YouTube арнасында Қазақстанға жасаған саяхатына арналған жаңа бейнеролик жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Роликтің жарыққа шыққаны туралы әлеуметтік желіде bydastann атымен танымал Дастан Мұхамедрахым мәлімдеді. Ол сапар барысында шетелдік блогерге жолсерік болып, Қазақстанның көрікті жерлерін таныстырған. Авторлар Қазақстанды әр қырынан көрсетуге тырысқан.
Бейнероликтен Іле Алатауындағы лаванда алқаптарын, Маңғыстаудың табиғи ландшафттарын және Астананың заманауи сәулетін көруге болады. Жарияланғаннан кейін бейнеролик қысқа уақыт ішінде миллиондаған қаралым жинап, көрермендердің қызығушылығын тудырды.
Қазақстандық қолданушылар да әлеуметтік желілерде видеоны белсенді қолдаған. Қазақстандықтар пікір жазудан рекорд орнатпақ Дастан Мұхамедрахым оқырмандарына челлендж ұсынып, Қазақстан туралы бейнероликтің астына пікір жазу бойынша өзіндік рекорд орнатуға шақырды. Ол мысал ретінде Джо Хаттабтың Сальвадордағы түрмеге арналған танымал видеосын келтірді. Мұхамедрахимнің айтуынша, аталған ролик шамамен 100 млн рет қаралып, оған 51 мыңға жуық пікір жазылған.
Енді қазақстандықтар жаңа шығарылымның астындағы пікірлер саны бойынша осы көрсеткіштен асып түсуді көздеп отыр. Джо Хаттаб пен Дастан Мұхамедрахымға Қазақстан бойынша саяхат барысында Instagram желісінде MegaAmerican атымен танымал тревел-блогер де қосылған.