12.08.2026, 23:30

«Бұлай сөйлеуіне не себеп болды»: Уағызшы «Құранда «хиджаб» деген сөз жоқ» деген исламтанушы қатаң сынады

Фото: коллаж Sn.kz

Белгілі уағызшы Данияр Кенжеұлы журналист Жанар Байсемізге сұхбат берген исламтанушы-ғалым Мұхитдин Кенжеұлын қатаң сынға алды. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

”Елуді еңсерген ел ағасы. Ғылыми атағы бар, талай адамның алдында сөз сөйлеп жүрген азамат. Діни мәселеде пікір айтуға өресі де, тәжірбиесі де жететін адам. Осындай кісінің кеше Шәкәрімдер сүйенген үкімнен аттап өтіп, түріктің шалыс сопылық түсінігін Исламның өзімен астастырына сөйлеуіне не себеп болды екен?

Байсеміз ханыммен болған подкастын толық тыңдап шығайын деп едім. Шынымды айтсам, соңына дейін жеткізбеді. Сабырым жетпегеннен емес, құлағым көтермеді. Кейбір сөздері жүрекке шаншудай қадалды”, — деп жазды уағызшы.

”Алдымен “Құранда хиджаб деген сөз жоқ” деген пікір. Мұндай сөзді қарапайым халық қалай түсінеді? “Демек, хиджаб парыз емес екен” деген қорытынды шығарады. Қауіп дәл осы жерде. Иә, сөздің тілдік мағынасы бар, шариғи мағынасы бар. Ғасырлар бойы үмбет белгілі бір ұғымдарды белгілі бір мағынада қолданып келеді. Егер бүгін: “әр халық өз дәстүріндегі орамалды хиджаб дей берсін” десек, онда өлшем қайда қалады? Мәселе атауда емес. Мәселе Алла қойған өлшемде болып тұр. Орамалдығ үлгісі халыққа қарай өзгеруі мүмкін. Қазақтың кимешегі де, өзге жұрттың бас киімі де жарасады. Бірақ бір шарт өзгермейді. Әурет толық жабылуы керек. Осы өлшемге сай келсе — қабыл. Сай келмесе, оны дәстүр деп атау Құранның үкімін өзгерте алмайды. Біз өз әлсіздігімізді ақтау үшін аяттың мағынасын өзгертуге хақылы емеспіз. Ақыреттен үмітің болмаса, өз еркің, өмір сенікі”, — деп жазды Данияр Кенжеұлы.