Маңызды кезеңдердің бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы 2 787 шақырым учаскесін ауқымды реконструкциялау болды.
Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Жезқазған-Қарағанды» трассасын жаңғырту. Жобаның жалпы құны $1,529 млрд-қа бағаланады. Оның ішінде $650 млн-ын Дүниежүзілік банк пен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі инвестициялайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстан жобаға шамамен $228,8 млн бағыттайды. «Жезқазған-Қарағанды» трассасын жаңғырту 498 шақырым жолды реконструкциялауды және екі жолақты трассаны төрт жолаққа дейін кеңейтуді көздейді. Жолды бірінші санатқа ауыстыру Қытай шекарасынан Қазақстанның батыс шекарасына дейін жүк тасымалдау уақытын 11 күннен 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1 600 шақырымнан астам сапасы жоғары жолдың салынуы Қазақстанда жаңғыртылған учаскелердегі жол жүру уақытын шамамен 67%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Қозғалыстың орташа жылдамдығы 25-тен 80 шақырым/сағатқа дейін артса, жол пайдаланушылардың шығындары 35%-ға төмендеді.
Бұл ретте көлік дәлізі коммерциялық тасымалдар көлемінің өсуіне ықпал етіп қана қоймай, «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің және жаңғыртылып жатқан «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің учаскесі сияқты басқа да маңызды бағыттармен байланысады.