Қазіргі уақытта балалары әкесінің қарауында.
TikTok әлеуметтік желісінде «Золотая женщина» лақап атымен танылған Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Қасымова тікелей эфирлер барысында балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің дерегінше, бірнеше рет ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, әйел мұндай әрекеттерін жалғастыра берген. Ол өзінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты да балағат сөздер айтқан.
Полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен басқа да мүдделі қызметтердің қатысуымен балалардың тәрбиелену және тұру жағдайларына тексеру жүргізілді. Қазіргі уақытта балалар әкесінің қарауында.
Жедел медициналық жәрдем бригадасының тексеруінен кейін Лайло Қасымова ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, лайк пен донат үшін TikTok-та шектен шыққан тоғыз қазақстандық жауапқа тартылғаны хабарланған болатын. Олардың ішінде жоғарыда аты аталған Лайло Қасымова да болды. Балағат, төбелес, жалған ұрлау көрінісі және хайп үшін түсірілген эфирлер назардан тыс қалмады. ІІМ цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейтетінін айтты.